Accessibility links

Зеленский: 23 сәуірде Украина, АҚШ және Еуропа келіссөз өткізеді


Украина президенті Владимир Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский 23 сәуір күні Лондонда Украина, АҚШ және Еуропа елдерінің қатысуымен бейбіт келіссөздер өтетінін растады.

"Сәрсенбі күні өкілдеріміз Лондонда жұмыс істейтін болады. Украина, Ұлыбритания, Франция, Америка Құрама Штаттары – біз соғысты сөзсіз тоқтатуға және кейіннен нақты әрі тұрақты бейбітшілік орнатуға ары қарай да барынша сындарлы түрде жылжуға дайынбыз. Қолдау көрсетіп отырған барлық серіктестерге алғысымды білдіремін. Соғысты сөзсіз тоқтату – бейбітшілікке апарар алғашқы қадам болуы керек. Дәл осы Пасха кезеңі Ресейдің іс-әрекеттері соғыстың созылуына себепші екенін тағы бір мәрте көрсетті", – деп жазды Зеленский Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен телефонмен сөйлескеннен кейін әлеуметтік желіде жариялаған постында.

Bloomberg агенттігінің деректеріне сүйенсек, Лондондағы келіссөзге АҚШ жағынан Мемлекеттік хатшы Марко Рубио және президент Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Кит Келлог қатысады. Олар Франция, Германия, Ұлыбритания және Украинаның сыртқы істер министрлері мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерімен кездеседі.

Бұған дейін The Wall Street Journal газеті осы аптада АҚШ, Украина және Еуропа елдерінің қатысуымен келіссөздер өтетінін хабарлаған. Басылымның мәліметінше, Вашингтон Киевке соғысты тоқтатуға қатысты жолдаған ұсыныстардың арасында АҚШ Қырымды Ресей аумағы деп танып, Украина НАТО-ға мүше болудан бас тартады деген шарттар бар.

Алайда басылым сөйлескен дереккөздер Вашингтонның кейбір ұсынысы Ресей қойып отырған шарттарға сәйкес келмейтінін айтқан. Мәселен, АҚШ Мәскеудің Украинадағы Запорожье, Херсон, Луганск және Донецк облыстары Ресейдің заңды бақылауында болуы тиіс деген талабына келіспейді. Сонымен бірге АҚШ ұсыныстарында Ресей күштері әлгі облыстардағы басып алған аумақтардан кетсін деген шарт қойып отырған жоқ. Америкалық жоспар Украина армиясының әскер санын қысқартуды көздемейді, Батыс елдерінің Киевке әскери көмегін тоқтатуды да қарастырмайды. Еуропа әскерін Украинаға орналастыру мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

The Wall Street Journal дереккөздерінің сөзінше, АҚШ ұсыныстарының бірі – Запорожье атом электр станциясы (АЭС) орналасқан аумақты бейтарап аймақ деп жариялау, АҚШ ол аймақты бақылауына алуға да кетәрі емес. ЗАЭС 2022 жылдың наурызынан бері Ресей әскерінің қолында.

Сәрсенбі күні Лондонда өтетін келіссөзде дәл осы ұсыныстар талқыланбақ. Одан кейінгі қадам – АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф Ресейге сапармен тағы да баруы мүмкін.

XS
SM
MD
LG