Зеленский: АҚШ өкілдері Донбасс аумағын НАТО-ға мүшелікке айырбастау мәселесін қозғады

Украина басшысы Владимир Зеленский АҚШ президентінің арнайы уәкілдері Стив Уиткофф және Джаред Кушнермен бірге түр.
Украина басшысы Владимир Зеленский АҚШ президентінің арнайы уәкілдері Стив Уиткофф және Джаред Кушнермен бірге түр.

"Егер Украина НАТО-ға қабылданса, онда ол әскерін Донбасс аумағының Киев бақылауында қалған бөлігінен шығаруға келісе ме?". Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ өкілдерімен кездесу кезінде оған осындай сұрақ қойылғанын журналистерге мәлімдеді.

«Америкалықтар: “Егер Украина НАТО-ға кірсе, Донбастан әскерін шығара ма?” деп сұрады. Мұндай сұрақ алғаш рет қойылды» деді Зеленский.

Оның айтуынша, Украина өз жерінен бас тартуға түбегейлі қарсы. Алайда серіктес елдер соғыстан кейінгі қалпына келтіру жоспарын қамтитын кешенді қауіпсіздік пакетін ұсынса, бұл мәселені қоғаммен ашық талқылауға, яғни референдумға шығаруға дайын. «Бірақ нақты ұсыныс болуы керек. Қазір ондай ұсыныс жоқ, мәселе әлі талқыланып жатыр» деді президент.

Дегенмен Зеленский Украина Ресей басып алған аумақтарды заң жүзінде Ресейдің жері деп мойындауға еш жағдайда келіспейтінін атап өтті.

Донбасты НАТО мүшелігіне айырбастау туралы ұсынысты кім және қашан жасағанын Зеленский нақтыламады. 12 қарашада ол Дублинде АҚШ президентінің арнайы өкілдері Джаред Кушнер және Стив Уиткоффпен кездескен.

Бұған дейін АҚШ өкілдері Украинаның НАТО-ға кіруіне қарсы пікір білдіргенімен, елге одаққа мүшелікпен шамалас қауіпсіздік кепілдіктерін беруге болатынын айтқан. Ал Ресей Украинаның НАТО-ға қосылуына үзілді-кесілді қарсы. Мәскеу Киевтің одаққа кіруге ұмтылуын Украинаға басып кіру себептерінің бірі ретінде атаған. Ресей талаптарының арасында Украинаның Конституциясында бейтарап мәртебесін бекіту де бар. Зеленский 14 қарашада Киевтің бұған келіспейтінін мәлімдеді.

Донецк облысын толықтай Ресей бақылауына беру — Мәскеудің соғысты тоқтату жөніндегі негізгі талаптарының бірі. АҚШ өкілдері де бейбіт келіссөздердегі ең күрделі мәселе Жерге тіреліп отырғанын айтқан. Ресейдің басқа талаптарының қатарында Украинаның НАТО-ға қосылудан бас тартуы да бар.

Журналистермен әңгіме барысында Зеленский Ресей президенті Владимир Путиннің Донецк облысындағы Константиновка қаласында «гуманитарлық бітім» жариялау туралы ұсынысына да пікір білдірді. Ол мұны Ресей әскерінің қаланы басып алуына мүмкіндік беретін «қарапайым айла» деп атады.

Путин қаланың Ресей бақылауында екенін, бірақ онда әлі де бейбіт тұрғындар барын және оларды эвакуациялау қажет екенін мәлімдеген. Бұған дейін Украина Херсон облысындағы Олешки қаласында гуманитарлық бітімге келісіп, АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамптың арағайындығымен жүздеген бейбіт тұрғынды эвакуациялаған. Алайда украин әскерилері Ресей күштері бітімді өз позицияларын нығайту үшін пайдаланғанын айтқан.

«Егер олар үшін бейбіт тұрғындардың өмірі маңызды болса, Олешки маңындағы ауылдарда да осындай операция ұсына алар еді. Бірақ Ресей ол ауылдардың ешқайсысын ұсынған жоқ. Оның орнына Константиновканы атады. Неге? Өйткені Константиновкадан кейін Краматорск пен Славянск тұр» деді Зеленский.

​
XS
SM
MD
LG