Accessibility links

Зеленский: АҚШ Украинаны талаптарынан бас тартуға "тым жиі" итермелейді

Владимир Зеленский
Владимир Зеленский

АҚШ бейбітшілікке қол жеткізу үшін Украинаны талаптарынан бас тартуға "тым жиі" итермелейді, бірақ Ресейге келгенде – олай емес. Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы кезінде сөз сөйлеген Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді.

Ол Дональд Трамп әкімшілігі тарапынан соғысты тез арада, соның ішінде талаптарынан бас тарту арқылы бітіру үшін «аздаған» қысым сезіп отырғанын тілге тиек етті. Зеленский Украинаның тез арада бейбітшілікке қол жеткізгісі келетінін, бірақ бұл бейбітшілік сол атқа сай болуы керек екенін атап өтті.

Атап айтқанда, Зеленский Украина Донбаста өзі бақылап отырған аумақтан кетуге дайын емес екенін, бірақ ол жақта еркін экономикалық аймақ құру мәселесін қарастыруға дайын екенін жеткізді.

«Ал ресейліктер не істеуге дайын? Мәселе сонда. Біз Ресейдің қандай да бір талаптарынан бас тартатыны туралы ештеңе естіген жоқпыз» деді ол.

Өз сөзінен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Украина президенті Америка жағы оған Украина әскері Донбастан шыққан жағдайда Ресей соғысты тез аяқтауға «кепілдік беретінін» хабарлағанын жеткізді.

Украинада сайлау өткізу мүмкіндігіне тоқталған Зеленский ол үшін соғыс екі айға тоқтауы керек деді. Ол егер Ресей сайлау өткізуге бел буса, Украина атысты тоқтатуға дайын деді.

Украина президенті Батыс елдерінің Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруін бейбітшіліктің ажырамас шарты деп атады. Оның сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин «соғыстың құлы» және кепілдік болмаса, ол қайта Украинаға шабуылдайды деді. Украинаға шабуылдау мүмкіндігін сақтап қалу үшін Ресей Украинада шетел әскерін орналастыруға қарсы болып отыр деді.

Зеленский Украинаның ЕО-ға енуінің нақты күнін белгілеудің маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ Украина қазіргі уақытта Еуропаны, оның ішінде Киевке достық ниет білдірмей отырған Венгрияны да Ресейдің ықтимал басқыншылығынан қорғап отырғанын алға тартып, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанға қорғаныс шығынын арттыруға кеңес берді.

Зеленский келесі аптада Женевада өтетін келіссөздердің «байсалды» өтетіне үміт білдірді. Оның айтуынша, кейінгі жиында тараптар "әр нәрсенің басын шалып жатқандай" әсер қалдырған. Зеленскиймен бірге талқылауға қатысқан НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте Ресей делегациясының құрамына күмәнмен қарап, оны тағы да Владимир Мединский басқаратынын атап өтті.

«Путин сол тарихшыны тағы да Женевадағы келіссөзге жіберіп жатыр, онда ол украиналықтарға Швеция туралы дәріс оқиды», - деді Рютте.

XS
SM
MD
LG