Accessibility links

Зеленский Лукашенкодан шекарадағы ретрансляторларды бұзуды талап етті

Украина басшысы Владимир Зеленский
Украина басшысы Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский Беларусьтен шекарадағы ретранслятор мұнараларды алып тастауды талап етті. Алынбаған жағдайда соққы жасайтынын ескертті.

19 маусымда Гондурастың президентімен баспасөз мәслихаты кезінде Зеленский Минск Александр Лукашенконың соғысқа араласпайтыны туралы мәлімдемесіне қарамастан Украинаға қарсы соғысқа қатысып жатыр деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Беларусьтің екі облысында Ресей әскеріне украин қалаларына дәлірек соққы жасауға көмектесетін техника орналасқан.

"Менің ойымша, мұны жасау үшін оған бір апта жеткілікті. Себебі қазір күн сайын соның салдарынан бейбіт тұрғындар өліп жатыр, балалар жараланып жатыр. Егер ол мұны жасамаса, біз жасаймыз" деді Зеленский.

Украина басшысының сөзінше, Украина Ресейдің мұнай-газ нысандарына сәтті шабуылдап жатқанда Беларусь Ресей әскерін отынмен қамтамасыз етіп отырған негізгі тасымалдаушыға айналған.

Бұған дейін Зеленский Беларусь жағынан қауіп төнсе, Украина "оның алдын алу мақсатында республиканың іс жүзіндегі басшылығына қатысты қимылдауға" құқығы бар деген еді.

Мамырда Украинаның қауіпсіздік қызметі Украинаның солүстігіндегі бес облыста шараларды күшейткен. Украина шекара қызметі Беларусьпен шекарадағы бекіністерді нығайтып, аумақтарды миналаған.

Александр Лукашенко 21 мамырда Минск соғысқа қосылмайтынын мәлімдеген. Дегенмен Лукашенко Беларуське басқыншылық жасалған жағдайда ғана әрекет ететінін ескерткен. 16 маусымда да Лукашенко ел соғысқа араласпайды және соғыстың өз аумағына таралғанын қаламайды деген.

Айдар
XS
SM
MD
LG