Accessibility links

Зеленский: Ресей Донбасс бойынша жаңа талап қойды

Украина президенті Владимир Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский 31 наурызда Ресей Донбасс бойынша жаңа талап қойғанын мәлімдеді. Ресей Украинаның екі айда Донбастан кетуін қалайды деді Зеленский.

Ол бұл сөзін 31 наурызда Буча қаласын Ресей оккупациясынан азат етуге төрт жыл толуына орай ұйымдастырылған Еуропа өкілдері қатысқан шара кезінде айтты. Украина президентінің сөзінше, екі ай уақыт туралы Ресей Вашингтонға хабар берген.

"Олардың Америка жағына айтқаны: екі айдан кейін еліміздің шығысын, Донбасты басып алады. Сол себепті Украинада ол жақтан кетуге екі ай уақыт бар. Сол кезде соғыс та аяқталады. Ал егер Украина кетпесе, онда Ресей Донбасты басып алады және онан кейін шарттар да өзгермек. Мұнда қисынды сұрақ туындайды: егер олардың діттегені тек Донбасс болса, онда не үшін әрі қарай барамыз деп айтады? Яғни, мәселе тек Донбаста ғана емес" деді Зеленский.

Оның пікірінше, Ресей бұл жоспарын іс жүзінде жүзеге асыра алмайды және мұнысын Мәскеу де жақсы біледі. Алайда ресейліктер АҚШ-қа қысым жасап жатыр, осылайша Вашингтон Украинаны Ресейдің ығына көндірсін деп отыр дейді Зеленский.

Ресей жағы әзірге Зеленскийдің мәлімдемесіне реакция білдірмеді. Бұған дейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мемлекеттік арнаға берген сұхбатында Мәскеу АҚШ-ты бейбіт келіссөздерде Ресейге тиімді жеңілдіктерге қол жеткізу үшін Киевке ықпал ету тетігін пайдалануға шақырғанын айтқан. Ол сонымен бірге АҚШ "бірқатар қызықты әрі пайдалы ұсыныстарды" енгізгенін айтқан, бірақ ол әзірге жүзеге асырылып жатқан жоқ деген еді. Путиннің көмекшісі қандай ұсыныс екенін ашып айтпаған.

Сейсенбі күні Украина президенті 1 сәуірде Украина мен АҚШ соғысты аяқтау мәселесі бойынша видеоформатта келіссөз жүргізетінін айтқан. Оның айтуынша, Америка жағынан президенттің арнайы уәкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер, сенатор Линдси Грэм қатысады. Келіссөзге сонымен бірге НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте қатыспақ. Украина жағынан Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс хатшысы Рустем Умеров те қатыспақ.

Зеленскийдің сөзінше, келіссөзде жер ең маңызды мәселе болып қалып отыр. Оның айтуынша, Украина соғысты майдан сызығында тоқтатуға дайын, ал Ресей Украинадан Донецк облысынан кетуді талап етіп отыр.

This item is part of
XS
SM
MD
LG