Accessibility links

Зеленский Ресеймен келіссөз бастауға қарашаға дейін мүмкіндік барын айтты

Украина президенті Владимир Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский

Украина билігі қараша айындағы суық түскенге және АҚШ-та аралық сайлаулар басталғанға дейінгі уақытты Ресеймен бейбіт келіссөздерді қайта бастау үшін пайдаланғысы келеді.

"Бізде келіссөз жүргізудің қандай да бір жолын табу үшін осы қыркүйек пен қазан айлары бар. Диалогсыз... біз нәтижеге қол жеткізе алмаймыз", – деген Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткоффпен және Джаред Кушнермен Киевте кездескеннен кейін Axios басылымына.

Оның пікірінше, Ресей АҚШ-тағы аралық сайлау алдында президент Трампты қатты ашуландырып алмауға тырысатындықтан бұл кезең қосымша дипломатиялық мүмкіндіктер тудыруы мүмкін. Трамп әкімшілігі арағайын ретінде соғысты тоқтатуға күш салуға тырысып жатыр.

"Президент Трамп суық қыс басталғанға дейін нақты келіссөз процесін бастаудың жолын таба алады деп ойлаймын" деген Украина президенті.

Өткен аптаның аяғында алдымен Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен Уиткофф пен Кушнер содан кейін Киевке барып, Украина басшылығымен сөйлескен. 7 қыркүйекте Уиткофф "айтарлықтай прогресс" барын мәлімдеді, бірақ көпшілікке оның егжей-тегжейі айтылмады. Зеленскийдің сөзінше, қазір АҚШ Украина мен Ресейді қыс мезгілінде қақтығысты бәсеңдетуге көндіруді ойластырып жатыр. Егер көндіре алса, бұл ары қарай бейбіт келіссөз бастауға жол ашуы мүмкін.

Уиткофф пен Кушнер Украина тарапына "орыстар келіссөзге дайын" деген хабар жеткізді деді Зеленский Axios басылымына. Ол сонымен бірге Ресей билігі алдағы қыста Украинаға елеулі зиян келтіріп, оның позициясын әлсіретуге үміттеніп отыр деп санайды.

"Ресей осы қыс бізді сындыруға көмектесетініне шынымен сенеді", – деген Зеленский. Ол Кремль майданда ауқымды шабуылға шығып және Украинаның инфрақұрылымына шабуылдарды үдетіп Украинаға "ойсырата соққы" беруді жоспарлап отыр деп есептейді. Мәскеу осылайша Киевті "ымыраға келтіремін" деп үміттенеді дейді ол.

Егер Ресей ол мақсатына жете алмаса және Украинаның энергетикалық мәселелерін саяси қысым құралы ретінде пайдалану ойы іске аспаса, қыс мезгілін Украинаны дегеніне көнуге мәжбүр етеді деген үміті бұлбұл ұшады деп атап өтті Зеленский. Бұған қоса ол Украина кез келген келіссөзде әскери тұрғыдан күшті болып қалуы керек деп мәлімдеген және АҚШ-ты Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге шақырып, оларды келіссөздердегі маңызды ықпал ету тетігі деп атаған. Зеленскийдің сөзінше, АҚШ Украинаға көмек көрсетудің бөлек "қысқы пакетін" ұсынуға дайын. Оның ақпараты бойынша, көмек әуе қорғанысы мен энергетика салаларын, мысалы, Киевке сұйылтылған табиғи газды қосымша жеткізуді қамтуы тиіс.

Украина мен Ресей биыл жаз бойы бір-бірінің аумағындағы түрлі нысанға шабуылдарды күшейткен. Соғыс басталғалы бері алғаш рет Украина қарулы күштері Ресейдің ішкі аймақтарындағы ірі логистика кешендеріне шабуыл жасай бастады, мұнай өңдейтін зауыттары мен порттарын да нысанаға алды. Ресей армиясы Украинадағы қоймаларға, өнеркәсіп нысандарына және порт инфрақұрылымына шабуылдар жасап келеді. Жақында Ресейдің қорғаныс министрлігі Украинаның энергетика нысандарына жаппай шабуыл жасауға дайындалу туралы бұйрық алғанын хабарлаған.

Айдар
XS
SM
MD
LG