Accessibility links

Зеленский: Трамптың сөзіне қарамастан Starlink-ке шектеу әлі де алынған жоқ

Владимир Зеленский
Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский ел аумағында Starlink спутниктік байланыс жүйесі мен оның әскери мақсаттағы баламасы Starshield-тің жылдамдығына қойылған шектеу әлі де күшінде екенін мәлімдеді.

«Байланыс жылдамдығы қалпына келтірілген жоқ. Ал Ресейдің баллистикалық зымырандарынан қорғануға арналған тосқауыл зымырандарын жеткізу әлі де кешігіп жатыр. Біз бұған дейін келісілген зымырандарды күтіп отырмыз. Бірақ әлі келген жоқ. Бұл — үлкен мәселе, өйткені Ресей бізге күн сайын-дерлік шабуыл жасайды» деді Зеленский Вашингтондағы Hudson Institute зерттеу орталығында бейнебайланыс арқылы сөйлеген сөзінде.

«Мұның бәрі майданда біршама табысты операциялар жүргізіп жатқан кезде болып отыр. Біз қорғанысты әлі де ұстап тұрмыз. Жағдай қиындай түсті. Бұған ішінара Starlink пен Starshield жүйелеріне қатысты саясат және байланыс жылдамдығына қойылған шектеу әсер етіп отыр. Соған қарамастан, майдан шебіндегі қорғанысымыз берік. Халқымыздың қайсарлығын мақтан тұтамын» деді ол.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп журналистерге Украинадағы Starlink жүйесіне қол жеткізу мәселесі шешілмесе, SpaceX басшысы Илон Маскпен сөйлесетінін айтқан болатын.

CNN тілшісі Украинадағы Starlink жүйесіне қолжетімділікті шектеу туралы бұйрықты кім бергенін сұрағанда, Трамп «Оның кім екенін білмеймін. Бірақ білген күннің өзінде айтпас едім. Мұны сізге не үшін айтуым керек?» деп жауап берген.

Украина президентінің қорғаныс технология мәселелері бойынша кеңесшісі Сергей Бескрестнов шектеу алынбағанын растады. Оның сөзінше, жекелеген терминалдардың жоғары жылдамдықта істеп жатқаны лимиттің алынғандығын көрсетпейді, бұл SpaceX алгоритмінің ерекшеліктерімен байланысты.

Starlink-пен мәселе туындаған шақта Украина оған балама спутниктік байланыс қызметін көрсететін компанияларды табуға тырысып жатыр. 22 қазанда Украина қорғаныс министрлігі ICEYE және Nokia технологиялық компаниялармен хатқа қол қойды.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG