Accessibility links

Жамбыл облысында кәмелетке толмаған үш қыз газдан уланып, мерт болды


Жамбыл облысы Меркі ауданы Сарымолдаева ауылында 19 сәуірде кәмелетке толмаған үш қыз газдан уланып, мерт болды. Бұл жөнінде Жамбыл облыстық төтенше жағдай департаменті хабарлады.

Департаменттің айтуынша, 3,5 және 7 жастағы қыздар үйде жалғыз болған. Сенбі күні таңертең анасы оларды сырттан жауып, кетіп қалған. Үйіне келгенде газдың иісін сезген. Есінен танып қалған қыздарды анасы ауруханаға апарғанмен кеш болған. Олар естерін жимай, реанимацияда көз жұмған.

Қазір оқиғаның жай-жапсары анықталып жатқаны хабарланды. Балалардың жақындарымен психологтар жұмыс істеп жатыр.

Қазақстанда газдан уланумен байланысты қайғылы оқиғалар жиі шығып жатыр. Наурыз айында ғана Маңғыстау облысында бір үйде жеті адам газдан уланып қаза болған.

XS
SM
MD
LG