Accessibility links

Жамбыл облысында сарбаздың өліміне қатысты тергеу аяқталды: рота командирі сотталмақ

Әскери сот ғимараты. Көрнекі сурет.
Әскери сот ғимараты. Көрнекі сурет.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Еркебұлан Рүстемұлының өліміне қатысты тергеу аяқталды. Ол биыл 27 қаңтарда Жамбыл облысындағы гарнизонда қаза болған.

Тергеу болжамынша, рота командирі салғырттық танытқан: “жеке құрамның қызметін және сарбаздардың қаруды қолдануын бақыламаған”, “сарбаздың қызметтестеріне қатысты билік өкілетін асыра пайдаланған”.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Бас прокуратура іс бас әскери прокуратураның ерекше бақылауында екенін айтты.

Бұған дейін солдат қарудан өзіне оқ атып алғаны хабарланған еді.

Әскерде сарбаз өлімі жиілеген тұста бас прокуратура елдегі әскери бөлімдердің қауіпсіздігі тексерілетінін мәлімдеген.

Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім жиілеп барады. Қазақстан ер азаматтарды әскери борышын өтеуге міндеттейтін елдер қатарында. Сондай-ақ елде келісімшарт негізінде қызмет ету тетігі қарастырылған. Әскердегі қайғылы оқиғалар көбейген тұста толықтай келісімшарт үлгісін көшуге үндегендер болған. Бірақ қорғаныс министрлігі толықтай келісімшартқа өту бюджетке үлкен салмақ түсіретінін айтқан.

Әскери бөлімшелер сарбаздардың өлімін көбіне суицидпен, жеке отбасылық мәселелермен және денсаулық жағдайымен байланыстырады. Бірақ марқұм болған солдаттардың туыстары мұнымен келіспей, балалары кісі қолынан қаза тапты деп күдіктенеді.

2024 жылы Алматы гарнизоны әскери соты әскерде борышын өтеп жүргенде "таяқ жегенін" айтқан, кейін госпитальде көз жұмған сарбаз Досымжан Сәлімжан ісінде айыпталушы Жанбота Шәкіровті "Билiктi асыра пайдалану" бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 7 жыл жаза кескен еді. Сот оны лейтенант атағынан да айырды.

This item is part of
XS
SM
MD
LG