Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жексенбі күні "Астана опера" театрындағы №228 референдум учаскесінде дауыс берді. Назарбаев ол жерге өзінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібаймен бірге келді. Бюллетеньді сайлау жәшігіне тастағаннан кейін экс-президент өзіне бағытталған камераларға қарай қол бұлғады, бірақ журналистермен сөйлесуге құлық танытпады.
Референдум учаскесінде тұрған тілшілер: "Нұрсұлтан Назарбаев, сіздің Конституцияңызды қайта жазып жатыр. Не айтасыз?" деп айқай салды.
Сол сәтте жәшікке бюллетеньді тастап, кетіп бара жатқан Назарбаев бірер секундқа кідіріп, тілшілерге бұрыла қарап жымиып, қолын сәл созып, кері қарай аяңдады.
Қазір жалпыұлттық референдумге шығарылған жаңа Конституция жобасы Назарбаевтың биліктегі мұрагері Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген. 2019 жылғы наурызда президент лауазымына кіріскеннен бері бірінші президенттің көлеңкесінен шыға алмай келген Тоқаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін билік тізгінін мықтап ұстаңқырап, Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің билікке ықпалын бәсеңдете алды. Содан кейін көп ұзамай Тоқаев Конституцияны қайта қарауды ұсынып, оған енгізілетін түзетулерді референдумге шығарды. 2022 жылғы референдумнен кейін Конституциядан бірінші президентті дәріптеп, ерекше қорғау беретін баптардың бәрі, соның ішінде Назарбаевты "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" деп атаған сөйлем де алынып тасталды.
Бұл жолы жаңа Конституция жобасында қос палаталы парламенттен партиялық тізім бойынша сайланатын бір палаталы парламентке көшу көзделген. Оған қоса жоба президентке парламенттің келісімін күтпей-ақ негізгі лауазымды қызметке жеке дара өзі тағайындайтын өкілеттік береді. Ақорда бұл билікті тежеу мен тепе-тең ұстау жүйесін нығайтады деп сендіруге тырысса, сын айтушылар бұл жоба президенттің қызмет құзырын күшейтіп, бұрынғыдан да кеңейтеді дейді.
Жексенбі күні редакциямызға Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан референдум учаскесінен полиция Азаттық тілшісі Жолдас Өрісбайды ұстап әкеткен деген хабар түсті. Кейінірек Астана қаласы Алматы аудандық полиция басқармасы Жолдас Өрісбайдың ұсталғанын растады.
"Журналисті не себепті ұстадыңыздар?" деген сұраққа өзін Сейіт Бұқарбай деп таныстырған кезекші бөлімдегі адам: "ол заңға қайшы әрекет істеді ме, жоқ па, соны анықтап білеміз" деп жауап қатты.
BES.media онлайн басылымы сайлау учаскесінде болған және Азаттық тілшісін кімдер ұстағанын көрген басқа журналистерге сілтеме жасап, Жолдас Өрісбайды үстіне жай киім киген ер адамдар алып кеткен деп хабарлады.
Legal Media Center баспасөзді қорғау ұйымы заң бөлімінің жетекшісі Гүлмира Біржанова BES.media басылымына мұндай жағдайлар журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіру деп бағалануы мүмкін екенін айтты. "Егер журналисте редакция тапсырмасы мен редакция куәлігі болса, оның қызметін кез келген кезеңде шектеуге ешкімнің хақы жоқ. Журналиске заң ережесін бұзған деп мін тағуы мүмкін жалғыз жағдай - дауыс беру құпиясына кедергі келтіру" деген заңгердің сөзін келтіреді басылым.
Оқушылар сарайында орналасқан референдум учаскесінен полиция өкілдері Азаттықтың бұрынғы тілшісі, журналист Сәния Тойкенді ұстап әкеткені де белгілі болды. Бұл туралы Азаттыққа аты-жөнін атамауды өтінген журналист хабарлады. Оның сөзінше, Тойкен ұсталған сәтте оның себебін сұрамақшы болған Informburo сайтының тілшісін бірге әкеткен. Ақпаратқа қарағанда Оқушылар сарайы ғимаратында №50, №51, №58 және №483 сияқты бірнеше референдум учаскесі орналасқан.
Алматыдағы №622 референдум учаскесіне "дауыс беремін" деп келген ер адам ондағы комиссия мүшелері "сіз мұнда тіркелмегенсіз" деген соң "әйтеуір бір қағаз беріңізші, суретке түсіп алайын" деді. Бірақ комиссия мүшелері оған қағаз бермеді.
Әлгі адам сонда да бюллетень тастайтын жәшіктің қасында тұрып суретке түсті. "Бұл не үшін керек?" деген сұраққа жауап беруге құлық танытпады.
Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум күні Алматыдағы референдум учаскесіне келген әйел жұмыста талап ететінін айтып, референдумге дауыс берген сәтін смартфонға суретке түсіріп беруді сол жердегі бір жас жігіттен өтінді. Әлгі жігіт оның айтқанын екі еткен жоқ. 15 наурыз, 2026 жыл.