Референдумда дауыс беру аяқталды, 73 пайыз адам дауыс берді
Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, Конституцияны өзгерту бойынша референдумда дауыс бергендердің үлесі 73,24 пайыз болды, яғни, 9 126 850 адам дауыс берген. Жалпы дауыс беруге құқылы азаматтардың саны 12 миллионнан асады.
Дауыс бергендер саны бойынша Қызылорда облысы алда тұр. Ресми мәліметке сенсек, мұндағы сайлаушылардың 93 пайызы таңдау жасаған. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай облыстарында көрсеткіш 80 пайыздан асқан. Ең төмен көрсеткіш Астана (60 пайыз), Алматы (33 пайыз) қалаларында.
Сағат 20:00-де ел бойынша учаскелер жабылып, дауыс санау басталды.
Экзит-полл: Конституцияны дауыс берушілердің 86 пайыздан астамы қолдады
Конституция бойынша референдумның экзит-полл қорытындысы шыға бастады. Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнама бойынша дауыс берушілердің "86,7 пайызы жаңа Конституцияны қолдаған".
Ал Астана "Социс-А" әлеуметтік зерттеулер институты "87,4 пайыз адам жаңа Конституция жобасын қолдады" дейді.