Accessibility links

Жаңа Конституцияның жобасы жарияланды

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жаңа Конституцияның жобасын жариялады. Ол кіріспе, 11 бөлім және 95 баптан тұрады.

"Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде белгіленді. Егемендік пен тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды. Әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілген. Сонымен қатар, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы болып табылатыны бекітілген" деп жазылған жобаға берілген түсініктемеде.

Жаңа Конституцияда "Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі – Қазақстан халқы" деп бекітіледі. Референдум өткізу бастамасы парламенттен алынып, халық кеңесіне берілетін болды. Жаңа құжат бойынша, президент қайтыс болса не өз еркімен биліктен кетсе, құрылтай, яғни парламент жеті күн ішінде президент сайлауын жариялап, ол екі айдың ішінде өткізіледі. Конституцияға кез келген түзету президенттің шешімі бойынша тек жалпыхалықтық референдум арқылы іске асады. Парламент бас заңға өзгеріс енгізе алмайды.

Жоба авторлары құрылтай мен халық кеңесінен бөлек, Конституция жобасының негізгі новеллаларына төмендегілерді жатқызады:

  • вице-президент институтын құру
  • адвокаттық қызметке және адвокатураға арналған арнайы баптың алғаш рет Конституцияға бекітілуі
  • "Миранда" ережесінің енгізілуі (ұсталған адамға тергеу алдында оның құқықтарын түсіндіру);

Жоба авторларының айтуынша, ұсыныстар қабылдау e-Otinish және eGov порталдары арқылы әлі де жалғасып жатыр.

Бір күн бұрын конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында конституциялық жоба таныстырылған еді. Сол күні ертерек Тоқаев Астанадағы еріктілер форумында "комиссия мүшелері Негізгі заңға енгізілетін өзгерістердің масштабы жаңа Конституция қабылдау керегін көрсетеді деген шешімге келді" деп мәлімдеген.

Әуелде қазіргі Конституцияға түзету енгіземіз деген арнайы комиссия бір аптада бес рет жиналып, су жаңа Конституцияға қажет деген тұжырым жасады. Қоғамда мұндай бастаманы қолдаушылар да, сынаушылар да бар.

Азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, белсенділер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, Конституцияны өзгертуде асығыстық танытпауға шақырып, толымды қоғамдық талқылау жүргізу қажеттігін атап өтті.

Мәлімдеме авторларының айтуынша, Конституция мәтінінің 80 пайыздан астамы өзгерейін деп отыр – бұл іс жүзінде жаңа Конституция қабылдағанмен пара-пар, ал мұндай қадам жеке қоғамдық мандат, ашықтық пен азаматтардың қатысуын талап етеді.

Мәлімдеме авторлары конституциялық комиссиясының жедел құрылуы мен оның жұмысының нақты регламентінің жоқтығына, оған шектеулі топтардың ғана кіруіне ерекше алаңдап отырғанын атап өтеді.

Қазақстан тәуелсіздік алған соң алғашқы Конституция 1993 жылы қабылданған. Сарапшылар 93 жылғы Конституцияда президент пен Жоғарғы кеңестің (парламент) тепе-теңділігі көрсетілді дейді. Бірақ 1995 жылы жаңа Конституция қабылданып, мұнда президенттің өкілеті күшейді. 1995 жылғы Конституция қазіргі қолданыста, бірақ бұл құжат ішінара бірнеше рет өзгерген.

XS
SM
MD
LG