Жапонияда өткен кезектен тыс сайлау нәтижесі бойынша, премьер-министр Санаэ Такаичи басқаратын Либерал-демократиялық партия (ЛДП) айқын басымдықпен жеңіске жетті. Консервативтік коалиция парламенттің төменгі палатасындағы орындардың үштен екісінен астамын иеленіп, шешуші дауысты өзі қабылдай алатын мүмкіндікке ие болды.
Жапон парламентінде басымдыққа ие болу үшін кемінде 233 орынға ие болу керек. Бұған дейін төменгі палатадағы 465 орынның 198-і биліктегі партияның еншісінде болса, енді оған 316 орын тиіп отыр. Яғни ЛДП жоғарғы палатаның ветосын еңсеруге және Конституцияға түзетулер енгізуге мүмкіндік алды.
1955 жылы құрылған ЛДП тарихында бұрын-соңды мұндай жоғары көрсеткіш болмаған. Парламенттің төменгі палатасындағы орындардың үштен екісінен астамына бір саяси партия иелік етуі Екінші дүниежүзілік соғыстан бері алғаш рет болып отыр деп хабарлады жапонның NHK медиасы.
Kyodo агенттігі мұндай айқын жеңіс 64 жастағы премьер Санаэ Такаичиге өз саяси бағдарламасын ілгерілетуге елеулі серпін береді деп жазды. Бақылаушылар биліктегі консервативтік партияның мұндай жеңісін көбіне Такаичидің жеке басының танымалдығымен байланыстырады.
"Сайлау алдында берген уәделерімізді табанды түрде орындауға бар күшімізді салу – мойнымызға алған аса үлкен жауапкершілік", – деп мәлімдеген Такаичи сайлау қорытындысы белгілі болғаннан кейін.
Бұған дейін парламентте 167 мандатқа ие болып келген негізгі оппозициялық күш – центристік реформаторлық альянс сайлауда ойсырай жеңілді: дауыс беру қорытындысына сәйкес, небәрі 49 орын алған.
Оңшыл көзқарастағы Такаичиді көбіне Ұлыбританияның бұрынғы премьері Маргарэт Тэтчермен жиі салыстырады. Ол әлеуметтік желідегі белсенділігі арқасында әсіресе жас сайлаушылар арасында танымал. Такаичиді АҚШ президенті Дональд Трамп қолдап, "күшті, ықпалды әрі ақылды басшы" деп атаған. Такаичи бұған дейін Қытай Тайваньға басып кірсе, Жапония Тайбэйге әскери көмек беруі мүмкін деп мәлімдеген. Пекин бұған қатаң реакция білдіргенмен Такаичи өз ұстанымынан айнымаған.