Жапонияда парламент сайлауында премьер-министр Санаэ Такаичидің жақтастары жеңіп жатыр. Сайлау учаскелерінің шыға берісінде жиналған сауалнама қорытындысына сүйенген Жапонияның NHK қоғамдық телеарнасы дауыс беру аяқталғаннан кейін осылай деп хабарлады.
Болжам бойынша, премьер Такаичидің либералдық-демократиялық партиясы 465 орындық парламенттің төменгі палатасынан 274-328 аралығында орын алуы мүмкін. Ал парламентте басымдыққа ие болу үшін 233 орын керек. Сайлаудың алдын ала қорытындысы жақын арада жарияланады.
Либералдық-демократиялық партиясының жеңетінін сарапшылар бұған дейін де болжаған. Халық арасында былтыр қазанда премьер болып келген Такаичиді жақтайтындар көп деп айтылады.
64 жастағы Санаэ Такаичи басқарушы коалиция парламенттің қос палатасында басымдықтан айырылған тұста былтыр күзде билікке келген. Ол елде кезектен тыс сайлау жариялаған.
Жапонияда сайлау өтіп жатқан кезде елде қалың қар жауып, ауа райы нашарлады. Сайлаушылардың дауыс беру көрсеткіші 2024 жылғы сайлауға қарағанда төмендеу. Жапонияда парламент сайлауы соңғы 36 жылда алғаш рет қыста өтті.
Оңшыл көзқарастағы Такаичиді көбіне Ұлыбританияның бұрынғы премьері Маргарэт Тэтчермен жиі салыстырады. Ол әлеуметтік желідегі белсенділігінің арқасында әсіресе жас сайлаушылар арасында танымал. Такаичиді АҚШ президенті Дональд Трамп қолдап, "күшті, ықпалды әрі ақылды басшы" деп атаған. Такаичи бұған дейін Қытай Тайваньға басып кірсе, Жапония Тайбэйге әскери көмек беруі мүмкін деп айтқан. Пекин бұған қатаң реакция білдіргенмен Такаичи өз ұстанымынан айнымаған.