Accessibility links

"Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық". Тоқаев әскердегі олқылықтарды айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14 сарбаздың өмірін қиған Каспийдегі оқиғаға қатаң баға беріп, жаттығудың мән-мақсатын сынады. Ақорданың хабарлауынша, 27 қыркүйекте ол қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді.

“Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары” деді мемлекет басшысы. Оның сөзінен Ақорда үзінді келтіреді.

Ол бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған бұл қайғылы жағдайға бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі себеп болды деді.

Тоқаев оқу-жаттығу жиынына қатысқан әскери қызметкерлер тиісті жабдықтармен, соның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегенін айтты. Оның сөзінше, үкімет комиссиясы "әскерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және қауіпсіздік талаптардың сақталуына жауапты" лауазымды тұлғалардың әрекетіне баға берілуі қажет. Ол әскери қызметкерлер лауазымына, шеніне қарамастан жауапқа тартылатынын, заң бойынша қатаң жазасын алатынын ескертті.

"Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған. Сонымен қатар қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек. Кешенді тәсіл қолдану қажет. Ал ол үшін бағыт-бағдарымыз анық болғаны жөн. Бұл дүниетанымы кең, сауатты офицерлердің ғана қолынан келеді. Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау" – деді мемлекет басшысы.

Ақорданың жазуынша, Тоқаев жаңа қорғаныс министрі Айдос Мырзахановқа "бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуді, қазіргі заманғы қауіп-қатерді ескере отырып, қарулы күштерді реформалауды" тапсырды.

Жексенбі күні Тоқаев қорғаныс министрі Дәурен Қосановты отставкаға жіберген еді. Оның орнын арнайы операция күштеріне жауапты болған Айдос Мырзаханов басты.

Бұған дейін hronika.kz сайты Ақтаудағы әскери бөлім әскери емес, арзан құтқару кеудешелерін сатып алғанын жазған. Ақпаратқа әскери бөлім немесе қорғаныс саласындағы ведомство өкілдері реакция білдірмеді.

24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қатты жел кезінде 17 әскери қызметкер (бастапқыда билік 19 деген, кейін ақпаратті түзеді – ред.) суға батып кетті. 14-і қаза болды, үш адам тірі қалды. Бұған дейін билік "үш адам құтқарылғанын" мәлімдеген. Алайда үш сарбаздың туыстары "олар жағаға өз күшімен жеткенін" мәлімдеген.

25 қыркүйек елде қаралы күн болды.

Оқиғаға байланысты "Қызметке салғырт қарау" және "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған. Әскери жаттығу кезіндегі сарбаздардың қазасынан соң әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" қатерінің командирлері – барлығы бес адам ұсталды.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG