Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный құрған жемқорлықпен күрес қоры аннексияланған Қырымның оңтүстігінде Ресей президенті Владимир Путинге арнап салынған "жаңа сарайды" тапты. 30 желтоқсанда аталған қор зерттеу жариялады.
"Бұл құпия мүлік көпшіліктің назарынан тыс қалды, бірақ оны таптық, оның Путиндікі екенін дәлелдедік және бүгін оның іші қандай екенін көрсетеміз" деп жазды қор өкілдері материалда.
Зерттеу авторларының айтуынша, "сарай" бастапқыда 2014 жылы жаппай наразылықтан кейін биліктен қуылып, Ресейге қашып кеткен Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович үшін салынған сәнді жазғы резиденцияның орнында бой көтерген.
2015 жылы Қырым аннексиясынан кейін Ресей соты "резиденция заңсыз салынды" деп таныған, ал аннексияланған Севастопольдің сол кездегі губернаторы Сергей Меняйло Януковичтің саяжайы мемлекет меншігіне беріледі деп мәлімдеген.
Айя мүйісінде осыдан кейін "жұмбақ жайттар бола бастады" деп жазды зерттеу авторлары.
"Жылдар өте берді, бірақ жаңа шипажайға жолдамалар сол күйі сатылымға шығарылған жоқ. Ал бұл керемет орында не болып жатқанын білу барған сайын қиындай бастады" деп жазылған зерттеуде. Іс жүзінде ең әдемі жерлердің бірінде орналасқан сарай Путиннің досы олигархов Ковальчуковқа тиесілі болып шықты.
Қордың айтуынша, Айя мүйісіндегі "сарай" "Берег" фирмасына тиесілі, ал оның иесі "Голден Гейт" деп жазылған, бірақ оның иесі кім екені жасырылған. Компанияның заңдық мүддесін сенімхат бойынша Геленжиктегі "Путиннің сарайына" иелік ететін "Комплекс" иелерінің атына жазылған "Бин" компаниясы қорғайды.
Навальныйдың жақтастарының айтуынша, оларда "Путиннің Қырымдағы сарайының" суреттері мен архитектуралық жоспары да бар.
Кешеннің бас ғимаратында 233 шаршы метрлік үлкен қонақ бөлме бар, оның ішінде мәрмәр ошақ, 20 адамға арналған асхана үстелі және үлкен рояль бар. Сол қабатта 154 және 138 шаршы метрлік екі жатын бөлме бар. Басқа да жиһаздармен бірге медициналық мекемелердегі ауаны тазарту үшін қолданылатын «ауа циркуляторы» да орнатылған. Зерттеу авторларының айтуынша, осындай аппарат Путиннің кемінде бір кабинеті мен оның Кремльдегі пәтеріне орнатылған.
«Януковичтің саяжайы қазіргі Айя мүйісінде салынған сараймен салыстырғанда лашық болып қалады», - деп мәлімдейді жемқорлыққа қарсы күрес қоры (FBK).
Зерттеушілердің сөзінше, 9 мың шаршы метрден астам аумақты алып жатқан ғимаратта, өзге нәрселермен қатар, "шағын клиника да" бар. Онда "жалпы тәжірибелік дәрігердің кабинеті", ультрадыбыстық аппарат (УЗИ), тексеру және массаж үстелі, зертханалық жабдықтар, электрокардиограф, физиотерапия аппараты және өзге де құрылғы бар. Бұған қоса, криокамера, спа, ота жасайтын бөлме де бар. Кешенде төрт жатын бөлмелі қонақ үй де салынған.
Зерттеу тобы қол жеткізген есепке қарағанда, құрылыс құны – шамамен 10 млрд рубль. Ресей билігі әзірге зерттеуге реакция білдірген жоқ.
- 2023 жылы ақпанда түрмеде көз жұмған оппозиционер Алексей Навальный құрған жемқорлықпен күрес қоры мен оның аймақтағы бөлімшелері Ресейде "экстремистік ұйым" деп танылған.