Ғылымға бөлінген қаржының депозитте сақталуы
Қазақстанда ғылым саласына бөлінген қаржының жұмсалу тиімділігін тексерген Жоғары аудиторлық палатаның басшысы Әлихан Смайылов баяндамасында ондаған млрд теңгені жұмсау барысында заң бұзуға жол берілгенін айтты деп жазды ulysmedia.kz.
Смайыловтың мәліметінше, 2022-2025 жылдары ғылымды қаржыландыру 122 миллиардтан 262 миллиард теңгеге дейін өскенімен, оның ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) үлесі небәрі 0,16 пайызды құраған (меже – 1 пайыз). Қаржы негізінен бюджет есебінен ұлғайып, мемлекет үлесі 55-тен 82 пайызға артқан, ал бизнестің қатысуы жеткіліксіз болып қалған. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу шығындарының ІЖӨ-дегі межесі 2-ден 0,5 пайызға, ғалымдарды көбейту жоспары 50-ден 7 пайызға төмендетілген.
Жоғары аудиторлық палатаның ақпараты бойынша, 2023-2025 жылдарға арналған 393 ғылыми-техникалық тапсырманың 149-ы орындалмаған. Оларға 67 миллиард теңге қаралғанымен, сәтсіздік себептері сарапталмаған.
Жобаларды іріктеу кезінде де бірқатар кемшілік анықталған:
- 212 заңды тұлғаның зерттеу жүргізуге технологиялық дайындығы тексерілмеген;
- құжаттарды сараптамаға жіберу 93 жұмыс күніне дейін кешіктірілген;
- Ұлттық ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і құны 52 миллиард теңге болатын 127 жобаның құрамына кірген, ал 27 мүше осы жобаларға тікелей жетекшілік еткен.
Смайыловтың айтуынша, тіркелген 4 мыңға жуық зияткерлік меншік құжатының 10 пайызы ғана өнертабыс патенті болып шыққан, ал халықаралық патенттердің үлесі 1 пайызға да жетпейді. Тәжірибеге енгізуді растайтын 1200-ден астам актінің жартысы өндіріске емес, тек білім беру үдерісіне қатысты болып шыққан.
Қаражаттың бір бөлігі тікелей ғылымға емес, қаржы нарығына бағытталғаны анықталған:
- Astana Hub-қа түскен 43 миллиард теңгенің 23 миллиард теңгесі бағалы қағаздарға салынған;
- "Самғау" ұйымына бөлінген 15 миллиард теңгенің 10 миллиард теңгесі депозиттерге салынып, РЕПО операцияларына жіберілген;
- операторлар бұл әрекеттерден 14 миллиард теңгеден астам табыс тапқан.
Сонымен қатар операторлар қаржыны нақты ғылыми зерттеулерге аудару мерзімін кешіктіріп отырған. Мәселен, Astana Hub төлемдер аударуды 215 күнге дейін кешіктірсе, "Самғау" қорында кейбір жағдайда кешіктіру мерзімі екі жарым жылдан асқан.
Сонымен бірге құны 32 миллиард теңге болатын 159 жоба мемлекеттік есепке кірмей қалған.
Мемлекет енді "үдерістің өзін емес, нақты нәтижені қаржыландыруы тиіс" деген Смайлов тексеру қорытындысы бойынша үкіметке 5 ұсыныс, мекемелерге 66 тапсырма берілгенін хабарлады. Сонымен бірге 36 заң бұзу фактісі бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті органдарға, ал 3 іс құқық қорғау органдарына жолдау туралы шешім қабылданғанын айтқан.
Ғылым және жоғарғы білім министрінің түсіндірмесі
Министр Саясат Нұрбек осы айтылған жайттарға қатысты заң тұрғысынан ешқандай заң бұзу оқиғасы жоқ деп түсіндіргенін жазды BES.media.
"Мәселе мынада: жобалар мақұлданған кезде қаржыландыру, әдетте, үш жылдық мерзімге беріледі... Қаржы нақты осы ғылыми жобаға резервтеледі. Мемлекеттік органға қазынашылықтан ақша нақты жыл бойынша түседі: ақша түсті, министрлік өзіне алған міндеттемелерін төледі және келесі жылды күтеді. Ал квазимемлекеттік органдар бос тұрған ақша құнсызданбауы үшін, инфляцияны жабу үшін оны депозиттерге орналастыруға міндетті. Яғни, депозиттік мөлшерлемелер есебінен инфляцияны, бағаның өсуін (индексациясын) және тағы басқаны өтейді" деген министр.
Ол Astana Hub венчурлық қағидат бойынша жұмыс істейтінін, оның өз резиденті саналатын стартаптардың үлесін сатып алуға немесе акцияларына, үлестеріне қаржы салуға құқығы барын айтты.
Ғылыми жобаларды қаржыландыру неге кешіктірілгені жайлы сұраққа берген жауабында Саясат Нұрбек бұл мәселенің министрлік қызметіне де қатысы барын айтты.
"Заңнамалық кедергілер бар, бізге ақшаның кеш түсетін кездері болады. Оған қоса өтініш саны артып келеді, оларды өңдеп үлгере алмай жатырмыз. Бізде сарапшылар өте аз, пулымыз шағын, оны жаңартқымыз келеді, бірақ іс жүзінде бұл бірнеше жүз адамның төңірегінде ғана. Содан барып мүдделер қақтығысы, өзінің ғылыми институттарына артықшылық беру сияқты мәселелер туындайды. Біз бұл мәселені түбегейлі шеше алмадық" деп мойындаған министр.
Ол биыл заңға жаңадан енгізілген түзетулерге сәйкес, ғылыми ұйымның міндеттемелері келісімшартқа қол қойылған сәттен бастап күшіне енетіндіктен, енді министрлік бюджеттік циклге тәуелді болмайды дейді.
"Шартты түрде айтқанда, егер келісімге қазір қараша айында қол қойылса, мерзім қарашадан бастап тура 36 айға есептеледі және ұжым уақыт жоғалтпайды: қол қойды ма, осы үш жыл бойы өз қаражатын алып отырады. Яғни, біз бюджет кодексіне байланудан құтылдық, бұл оңайға соққан жоқ, бірақ осындай жүйелі шешім таптық" деді Саясат Нұрбек.