Accessibility links

Журналист Ботагөз Омарованың "мойындау хаты" жарияланды

Журналист Ботагөз Омарова
Журналист Ботагөз Омарова

Жұмаға қараған түні журналист Ботагөз Омарованың телеграм-арнасында “ВД Строй-инжиниринг” компаниясы мен оның басшысы Азамат Өсімбеков туралы бұған дейін жариялаған мәліметтерді жоққа шығарған мәлімдеме жарияланды.

Ондағы ақпаратқа қарағанда, журналист компанияның “қарызы жоғын растайтын құжаттармен” танысса да, “дұрыс емес мәліметті жариялаған”.

Жазба авторы “объективтілік пен шынайылық принциптерін бұзғанын” мойындап, мұны “жазылушылар санын көбейтіп, аудиторияның аталған тақырыпқа қызығушылығын тудыру үшін” жасағанын айтады.

Бұдан бөлек, Омарова компания мен оның басшылығы, өзінің аудиториясынан кешірім сұрап, материалдар олардың беделіне нұқсан келтіргенін мойындаған. Жазба соңында автор әріптестерін “кәсібилікті сақтап, ақпаратты тексеруге” шақырады.

"Айтпа, Ботагөз" телеграм-арнасының авторы Ботагөз Омарова жеке адамның арызы негізінде "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша наурыздан бері үйқамақта отыр.

Бұған дейін адвокат Толқын Әбілова журналист Омарова кінәсі дәлелденбегеніне қарамастан жәбірленуші тараппен мәмілеге келуге дайын екенін айтқанын жеткізген.

Ботагөз Омарованың үстінен іс қозғалғанына Астанада бір топ журналист реакция білдіріп, 21 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінген. Олар президенттен журналистің ісін жеке бақылауына алуды, "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауды өтінді. Дәл сондай талап 23 сәуір Алматыда журналистер өткізген баспасөз мәслихатында да айтылды.

Омароваға президенттен араша сұраған әріптестері "оны полиция әуелде президенттің атқорасы туралы материалы үшін әңгімелесуге шақырған" дейді. Журналистің өзі де биыл 8 наурыз қарсаңында "ВД Строй-инжиниринг" компаниясынан сотқа дейінгі талап-арыз алғанын жазған.

Президент іс басқармасынан қомақты тендер алып отырған бұл компания былтыр Астанадағы президент іс басқармасына тиесілі атқора құрылысына араласқан жұмысшылар мен кәсіпкерлер істеген еңбегінің ақшасын қосалқы мердігерлерден даулаған кезде қоғам назарына іліккен еді. Атқора құрылысының бас мердігері болған "ВД Строй-инжиниринг" пен президент іс басқармасы құрылысқа қатысты "міндетімізді толық өтедік" деген. Ал қосалқы мердігер компания өкілдері биыл журналист Ботагөз Омароваға сұхбат беріп, "ВД Строй-инжинирингтің" артында президенттің туыстары тұр деп естігенін айтқан.

Ал “ВД Строй-инжиниринг” компаниясы құрылтайшыларының бірі Азамат Өсімбеков жуырда Ulysmedia YouTube-арнасына берген сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен туыстарын жеке танымайтынын айтқан.

22 наурызда журналист Ботагөз Омароваға қарсы іс қозғалуына байланысты реакция білдірген ақпарат министрі Аида Балаева "заңда көзделген барлық рәсім" аяқталғанға дейін "асығыс түсіндіру жұмыстарын жасауға, дәлелсіз қорытындылар шығаруға және алдын ала баға беруге" болмайтынын алға тартқан.

Құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстанда Қылмыстық кодекстің "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен журналистерге қарсы іс қозғау жиілеген сайын кәсіби қауымдастықта ішкі цензура күшейгенін айтады.

Францияда тіркелген "Шекарасыз тілшілер" медиа еркіндігін қорғайтын халықаралық ұйым 30 сәуірде жариялаған жыл сайынғы сөз бостандығы рейтингісінде Қазақстан былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 8 саты төмендеп, баспасөз ахуалы ең қиын елдер қатарында қалған.

Айдар
XS
SM
MD
LG