19 мамырда Алматының Бостандық аудандық сотында "Etude-Ybyrai" құрылыс компаниясының "Гиперборей" YouTube-арнасының авторы журналист Вадим Борейкоға қарсы талап арызы бойынша азаматтық істің алдын ала тыңдауы өтті.
"Etude-Ybyrai" құрылыс компаниясы Вадим Борейконы "іскерлік беделге нұқсан келтірді" және "көрінеу жалған ақпарат таратты" деп айыптап отыр.
Сейсенбі күнгі алдын ала тыңдауда талапкердің өкілі заңгер Бақыт Қасыбаев сот процесін жабық режимде өткізу жөнінде өтініш жасады. Ол мұны коммерциялық құпияны және "заң жүзінде қорғалатын өзге де мәліметтерді" сақтау үшін қажет деп түсіндіріп, журналистің медиа белсенділігі сотқа қысым жасап, қоғам пікірін бұрмалауы мүмкін деген уәж айтты. Сонымен бірге талапкер тарабы соттан процесті аудио және видеоға түсіруге, интернет арқылы тікелей эфир жүргізуге тыйым салуды сұрады.
Алдын ала тыңдауға қатысуға келген журналистер сот отырысын оңаша бөлмедегі монитордан бақылады, ондағы дыбыс сапасы нашар болып, сотта сөйлегендердің кейбір сөзі дұрыс естілмеді.
Вадим Борейконың мүддесін қорғаған өкілдері сот процесін жабық режимде өткізуге қарсылық білдіріп, ашық талқылау Қазақстанның Азаматтық процестік кодексінде бекітілгенін, бұл істің екі тарапқа ғана емес, сонымен бірге тұрғындарға, пәтер сатып алушыларға және болашақ үлескерлерге де қатысы барын атап айтты.
Сот талапкер тараптың процесті жабық режимде өткізу туралы өтініші бойынша әзірге шешім шығарған жоқ. Келесі сот отырысы 26 мамырға таңертеңгі сағат 10-ға белгіленді.
Іс материалдарына тіркелген сараптама қорытындысына сәйкес, компанияның болжамды шығыны 71 миллион теңге деп көрсетілген.
– Видеоларда компания заңсыз құрылыс жүргізді, рұқсат құжаттары жоқ, [Алматыны басқарған] әкім Досаев осы аумақтағы құрылысты тоқтатқан деген сияқты мәлімдемені бірнеше рет таратқан. Бірақ дәл сол кезде қолымызда барлық рұқсат құжаты болды. Сотқа талап арыз беру себебіміз біздің тұрғын үй кешеніміз туралы YouTube-арнада 9 видео шыққан. 6 қаңтарда тұрғындармен кездесу болған кезде, Вадим Борейко бізге сөз берді, сөйлестік. Бірақ менің онда айтқан көп пікірім, кей деректі терістегенім, неге екені белгісіз, видеодан қиылып қалған, – деді сейсенбі күні құрылыс компаниясының заңгері Бақыт Қасыбаев журналистерге.
Алдын ала тыңдаудан кейін журналист Вадим Борейко өзіне тағылған айыптарға нақты айғақ-дәлелдер жоғын айтты.
"Талап-арызда құрылыс компаниясының іскерлік беделіне нұқсан келтіретін бірде-бір сөзім немесе дәйексөзім келтірілмеген. Маған журналист ретінде өз жұмысымды атқарғаным үшін ғана айып тағып отыр", деді Борейко.
27 сәуірде Вадим Борейко өзіне қарсы "Etude-Ybyrai" құрылыс компаниясы берген азаматтық талап-арыз аясында банк шоттары мен депозиттеріне, соның ішінде зейнетақы шотына шектеу қойылғанын хабарлаған.
Алматының 12-ықшамауданында "Etude-Ybyrai" компаниясы салып жатқан Premier тұрғын үй кешені жобасына байланысты жергілікті тұрғындар бірнеше рет шағымданған. Борейконың "Гиперборей" YouTube-арнасында осы құрылысқа қатысты бірнеше материал жарияланған. Компания ол материалдар "іскерлік беделге нұқсан келтірді" және "жалған ақпарат таратты" деп сотқа жүгінген.
Журналист Борейко өзі жариялаған материалдарда тек түрлі тараптың пікірін бергенін, соның ішінде құрылыс компаниясы өкілдері мен құрылысқа қарсы шыққан тұрғындардың уәждерін келтіргенін айтады. "Ал компания енді құрылыс жұмыстары тоқтап қалуына және тұрғын үй сатылымының төмендеуінен келген шығынға мені кінәлап отыр" дейді ол.