Accessibility links

Журналистер Құрылтайда БАҚ-тың жұмысын шектейтін ережені алып тастауды талап етті

Құрылтайда аккредитациясы бар 40 журналист Құрылтайдың төрағасы Айбек Дәдебайға ұжымдық хат жолдап, брифинг өткізу ережесін өзгертуді талап етті. БАҚ өкілдері шараның тақырыбынан тыс сұрақ қоюға тыйым салатын нормаға қарсы болды. Бұл жөнінде “Өткір күрек” жазды.

Хат авторларының айтуынша, мұндай шектеулер негізсіз. Олардың пікірінше, журналистердің министрлерге, депутаттар мен өзге де лауазымды тұлғаларға олардың құзыретіндегі кез келген сұрақты қою мүмкіндігі болуы керек. Олар Құрылтай басшылығынан даулы норманы қайта қарап, жазбаша жауап беруді сұрады.

Құрылтай ғимаратында депутаттарға өз бетінше сұрақ қоюға тыйым салынатыны 31 тамызда белгілі болған. БАҚ өкілдеріне ғимаратта депутаттармен тек ұйымдастырылған баспасөз жиынында және тек белгіленген күн тәртібі туралы сөйлесуге рұқсат етіледі деген жаңа талап енгізілді. Парламент қызметкерлері ол талаптар журналистерді аккредиттеу ережелері мен БАҚ туралы заңға сүйеніп қабылданғанын айтқан.

Мұндай оқиғалар елде тәуелсіз БАҚ-қа қысым күшейіп, журналистердің Құрылтайда сұрақ қоюы қиындаған тұста болып отыр.

Бұған дейін осы ережені орындамаған тілшілердің біріне ескерту берілген еді.

Мұндай норманы "Әділ сөз " баспасөз қорғау ұйымы сынап, ішкі ережелер сөз еркіндігі мен ақпарат алу құқығына берілген кепілдіктерді алмастырмауы керек деп мәлімдеген.

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) мен сөз бостандығын және адам құқықтарын қорғайтын қазақстандық ұйымдар бұл шектеулерді алып тастауды талап етті. CPJ жаңа шектеулер қолданыстағы аккредиттеу ережелерінде немесе парламенттегі БАҚ жұмысын реттейтін басқа да ресми құжаттарда бекітілмеген деп мәлімдеді.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG