Қасымжомарт Тоқаев Кофи Аннанмен кездесті.

Қазақстанның сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Кофи Аннанмен кездесті.
Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде осы халықаралық ұйымның бас хатшысы Кофи Аннанмен кездескен. Бұл туралы бейсенбі күні радиомызға телефон арқылы берген сұхбатында Қазақстанның сыртқы істер мекемесінің ақпарат және талдау басқармасының қызметкері Айнұр Кәрібозова хабарлады:

- Кездесу кезінде БҰҰ-ның қызметінің басты бағыттары, халықаралық қауымдастық алдында тұрған проблемаларды шешудегі мәселелер, сонымен қатар БҰҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері, БҰҰ-ның 47-сессиясында Қазақстан тарапынан Орталық Азиядағы сенім шаралары кеңесінің даму барысы талқыланды. Сондай-ақ, осы Нью-Йоркте Қ.Тоқаев мырза Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Бас хатшысы Ян Кубишпен кездесті, - деді Айнұр Кәрібозова.