Сейсенбі күні Гүржістан астанасы Тбилисиде президент Шеварднадзені қолдаушылар жиналды

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ
Қарашаның 18-і сейсенбі күні Тбилиси көшелеріне он мыңдаған адам шығып, өздерінің қазіргі қызмет басындағы президент Эдуард Шеварднадзені қолдайтындықтарын білдірді.
Сейсенбі күні Тбилиси көшелеріне он мыңдаған адам шығып, президент Шеварднадзені қолдайтындықтарын білдіргеннен соң, Гүржістанның қазіргі елбасы қайтадан өз есін жинай бастағандай болды, деп хабарлайды тілшіміз Жан Пөк.

Эдуард Шеварднадзе орын алып отырған бұл саяси текетіресті өзара мәмілегерлік келісімімен шешуге қарсы емес екендігін тағы да кезекті рет тілшілерге айтып өтті.

- Біз барлық бәсекелес күштермен, көшеге шыққан наразы қауыммен өзара кеңесуіміз керек. Болмаса бұл ауыр жағдайдан оңайлықпен шыға алмаймыз, - деген президент Шеварднадзе.

Ал Итар ТАСС агенттігіне берген сұхбатында, өзара келісімге, мұрасаға келер кез жетті. Он күннен кейін кеш болады, деп президент өзінің төзімінің де шегі бар екендігін жасырмады.

Шеварднадзенің Жаңа Гүржістан үшін одағы сайлау кезінде дауыстарды өздеріне заңсыз жолдармен аударып алды деп оппозициядағы белсенділер екі аптадан бері наразылық шараларын жалғастырып келеді.

Орталық сайлау комиссиясының алғашқы мәліметіне қарағанда, президенттің партиясы 21 пайыз дауысқа ие. Бұл ең жоғары көрсеткіш болғанымен, барлық қарсыластардың қосып алғандағы дауысынан кемдеу болып шығады.

Ал Аджариялық жетекші Абашидзе басқаратын Демократиялық қайта өркендеу одағы партиясы 19 пайыз дауыспен Саакашвилидің Ұлттық қозғалыс майданынан алда.

Саакашвили мен оның одақтастары, 95 пайыз дауысты құйтырқы жолдармен алған Абашидзені Шеварднадземен бірігіп халыққа қарсы сатқындық әрекеттер жасауда, деп айыптайды.

Бұрынғы Әділет министрі, қазіргі Тбилиси қалалық кеңесінің төрағасы Саакашвили президент Шеварднадзені үкіметтік орындарда жол берген жаппай коррупция үшін айыптап келеді.

- Мен алыстағы ауыл аймаққа дейін барып, жұртты ереуілге шақырамын. Самергело, Гури, Имерети, Қарти, Қахети және өзге аудандардағы барлық халық маған ереді. Егер Тбилисидегі 60 мыңдай тұрғын президентке өз сөзін өткізе алмаса онда, сол аймақтағылармен Шеварднадзенің кеңсесіне барамыз, - дейді Саакашвили.

Бірақ шет елдік кейбір агенттіктердің дерегіне қарағанда, өткен жұма күні, Саакашвилиди қолдайтын 60 мың емес, 10 мыңдай адам көшеге шыққан.

Қарашаның 9-ы күні Саакашвили президент Шеварднадземен кездескен, бірақ келіссөз бір неше минөтке ғана жалғасып нәтижесіз аяқтаған.

Жексенбі күні Шеварднадзе президенттік мерзімі аяқталатын кез 2005 жылға дейін қызметтен кетпеймін, деп тағы бір рет қайталады.

- Қымбатты отандастарым, сіздер билік үшін жанталасып жатқан қарсыластардың соқыр құралына айланып отырсыздар. Қайталап айтайын, мен бейбіт шеру арқылы өз ой-мақсаттарын айтқан азаматтарға, тіптен өзге партияларды қолдаушыларға да құрметпен қараймын, - деп Шеварднадзе өзінің дәстүрлі апталық радио мәлімдемесінде ағынан жарылған.

Сейсенбі күні Тбилисиге келген АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуроазия мәселелері бойынша орынбасары Линн Паско Гүржістан президенті Шеварднадзе және оппозициядағы партия жетекшілері Саакашвили, парламент төрағасы Нино Бурджанадзе және бұрыңғы спикер Жвания, Еңбек партиясы төрағасы Нателашвилимен кездесіп пікір алмасты.

- Тбилисидегі бұл кездесулер өзара түсіністікпен өтті. Негізгі әңгіме өткен сайлау төңірегінде өрбіді. Президент Шеварднадземен әңгімеміз жарасты. Ертең қалған партия жетекшілерімен кездесіп, Гүржістандағы саяси ахуалды одан әрі талқылаймыз, - деген АҚШ мемлекеттік департамент өкілі.

АҚШ-тан мәртебелі ресми адамның келуіне орай, Парламент төрағасы Нино Буржанадзе,

- Линн Пасконың бұл араға келуден мақсаты - саяси жанжалға шешім табу әрине. Себебі, АҚШ - біздің стратегиялық серігіміз, досымыз. Сондықтан АҚШ қиын кезде Гүржістан тарафында болады, - деген үміт айтты.