С.Әбдiлдин: Компартияға қарсы әрекеттер жиiлеп барады

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ
Қазақстан Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты, Комммунистiк партияның бiрiншi хатшысы Серiкболсын Әбдiлдин қаңтардың 28-i күнi ҚР Бас прокуроры Рашид Түсiпбековке депутаттық сауал жолдады. Онда Жамбыл облыстық партия ұйымы жетекшiсiнiң үйiн әлдекiмдердiң таспен атқылап, терезелерiнiң түгiн қалдырмай сындырып кеткенi айтылады. Бас прокурордан осы уақиғаның мән-жайын тексерту сұралады.

Әбдiлдин мырзаның сөзiне қарағанда, кейiнгi кезде компартияға бағытталған мұндай әрекеттер жиiлеп кеткен. Партияның белсендi мүшелерiне телдефон шалып, қоқан-лоққы жасаушылар бар.

«Мәжiлiс депутаты Ерасыл Әбiлқасымовтың коммунистiк партияға өтпек болып, оңды-солды мәлiмдемелер таратып жүргенi де компартияға бағытталған үлкен жоспардың бiр ұшқыны. Билiк жүйесi Әбiлқасымовты партияны iштен iрiту үшiн айдап салып отыр», - дейдi Әбдiлдин мырза.

Ерасыл Әбiлқасымов болса, қаңтардың 28-сi күнi Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазған үндеуiн Мәжiлiс мiнберiнен оқыды. Үндеуде коммунистер көсемi Ленинге байланысты екi мәселе көтерiледi; бiрiншiсi, Лениннiң ескерткiштерiн Алматы мен Астана қалаларындағы бұрынғы орындарына қайта қою; екiншiсi, Алматыдағы ескi алаңға Лениннiң атын беру.

Әбiлқасымов: «Коммунист болатынымды жариялағаннан кейiн сайлаушыларымнан осындай өтiнiштер көптеп түсуде. Ал коммунистiк партияның жетекшiлерi болса өнбес даудың соңында жүр. Мысалы, Серiкболсын Әбдiлдин басқа мәселе құрып қалғандай, Мемлекет басшысы мен «Қазақгейт» мәселесiн аузынан тастамайды. Мен болсам, коммунистердiң ойында жүрген ең көкейкестi мәселенi Президенттiң алдына қойып отырмын», - дейдi.

Әбiлқасымов мырза саяси бағытын қаңтардың 15-i күнi Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауындағы әңгiме барысында шұғыл өзгерткенiн жасырмады. Ол мемлекет басшысына ұлттық бағыттағы бұрынғы қозғалыстар мен ұйымдардың басын қосып, «керемет күштi» ұлттық партия құрмақ ойын айтқан. «Президенттiң ондай партия ұлтаралық жарастыққа жарықшақ түсуi мүмкiн деген пiкiрiнен кейiн бұл ойымнан қайттым. «Ендi қайтесiң?» деген сұрағына, билiкпен тек коммунистiк партия төбелесе алады. Сондықтан сол партияға кiрем деп жауап бердiм», - дейдi Е. Әбiлқасымов.

Ал Серiкболсын Әбдiлдиннiң сөзiмен айтсақ, «Әбiлқасымов компартияға билiкпен емес, керiсiнше, коммунистiк партияның жетекшiлермен төбелесу үшiн кiруге талпынуда».

Әбiлқасымов мырза «Мен үшiн үлкен саясат ендi басталды» деп отыр. Айта кетейiк, Парламент депутаттарының мемлекет басшысына үндеу жолдауға құқылары жоқ. Мәжiлiс төрағасы Жармахан Тұяқбай бұл туралы Әбiлқасымов-қа бұрын да ескерткен, бұл жолы да ескерттi.