Алматыда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі басталды.

  • Досан БАЙМОЛДА
Ақпанның 11 күні Алматыдағы Қазақстан қонақ үйінің мәжіліс залында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысушы мүше елдердің, жоғарғы лауазымды өкілдерінің кезекті мәжілісі басталды. Қазақстан Сыртқы Істер министрлігінің ақпарат және талдау басқармасының екінші хатшысы Талғат Жұмағұлов осы жолғы мәжілісте, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, яғни СВМДА ға мүше елдердің сенім шаралары жөніндегі каталог жобасы, осы ұйымның хатшылығын ұйымдастыру мәселесі, сондай-ақ СВМДА кеңесінің ережелерінің қаралатындығын мәлімдеді. СВМДА ның ең маңызды құжаты болып саналатын Сенім шаралары жөніндегі Каталогқа Азия құрылығындағы қауіпсіздік мәселесін күшейтуге, шиеленісті жағдайларды сейілтуге жалпы Азиядағы мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын болдыруға бағытталған көптеген мәселелер кіргелі отыр. Қазақстан Сыртқы Істер министрінің орынбасары Қайрат Әбусейітовтың айтуынша, осы жолғы отырыста Азия құрылығындағы елдердің әскери-саяси саладағы өзара ықпалдастығы туралы мәселелері қаралмақшы. Атап айтқанда, әскери салада ақпарат алмасу, яғни СВМДА ға мүше елдер бір-біріне сенім артып өзіндегі әскери күш туралы нақты да, шынайы ақпарат беру меселесі сөйлесіп, талқыланбақшы. Сенім шаралары жөніндегі Каталогқа бұдан басқа экономикалық, мәдени және экология салаларындағы ынтымақтастық мәселелер де кіріп отыр. Сарапшылардың пікірінше Азия құрылығындағы сенім шаралары мәселесі Еуропадан басқаша жағдайда, жалпы сенім шаралары жөніндегі Каталог өте маңызды құжат болып саналады. Мұндай мәселе Азия қүрылығында бұрын-соңды болып көрген емес. Сыртқы Істер Министірінің орынбасары Қайрат Әбусейтовтың айтуынша, СВМДА ның хатшылығын Алматы қаласында құру мәселесі сәрсенбі күнгі жиналыста қабылданады. Ал бұны әрі қарау Кеңестің Сыртқы Істер министрлері бекітулері тиіс. Мәжілістің жұмысы одан әрі жалғасуда.