Қазақстан парламентінің депутаты Уалихан Қайсаров: пәтер құны күшпен арзандатылатын болса, құрылыс компанияларының қаражаты көлеңкелі бизнеске көшіп кетуі мүмкін.

Ұлттық кеңес мәжілісінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуіне орай, тұрғын үй құрылысын дамытуға мүмкіндік туып отыр деген мәлімдеме жасады. Бірақ, көбісі дәмететіндей, мемлекеттік ақшаны таратпаймыз. Барлығы нарық талаптарына сай қайтарулы болады. Біз тек жеңілдіктермен несие береміз деді президент.

Қазақстанның индустрия және сауда министрлігінің ақпаратына сүйенсек, облыс әкімшіліктеріне республикалық бюджеттен пайызсыз несие беріледі. Өз кезегінде, олар тендер өткізіп құрылыс компанияларына тапсырыс береді. 3 жылға ескерілген бағдарлама шеңберінде республикалық бюджеттен 138 млрд. теңге бөлінеді деп жоспарланған. Мемлекет қаржысы пәтердің шаршы метрінің құнын 350 доллардан асырмай салатын мердігерлерге ғана ескерілген. Қазақстан парламентінің депутаты Уалихан Қайсаровтың пайымдауынша, пәтер құны күшпен арзандатылатын болса, құрылыс компанияларының қаражаты көлеңкелі бизнеске көшіп кетуі мүмкін.

-Бұрын жергілікті атқару органдары мемлекеттік пәтерлерді берген кезде, мысалы кабинетте пара берген конвертпен. Ал егер қазір құрылыс компанияларына бұйрық берілсе, пәтерлердің бағасы 350 доллар болсын деп, олар мақұл дей салады да өздерін жауып тастамау үшін, ресми түрде 350 долларға сатып, үстіндегі қосымша ақшасы конвертпен төленеді.

Бақылаушылардың пікірінше, президент пәтер құнын арзандату қажет деген мәлімдемесінен кейін Қазақстандағы ірі қалалардағы пәтерлер керісінше қымбаттап барады. Астананың қозғалмайтын мүлік компаниясы президентінің орынбасары Қасым Еремесовтың пайымдауынша, салынып жатқан нысандар бойынша, келісім шарттар президент ұсынысына дейін жасалған, сондықтан ондағы пәтер бағалары арзандамайды. Нарық бір адамның мәлімдемесіне орай, өзгермейді дейді Астананың қозғалмайтын мүлік компаниясы президентінің орынбасары Қасым Еремесов

Тұрғын үй бағдарламасы бойынша, әр облыста салынып жатқан тұрғын үйлердің санын 36 пайызға ұлғайту жоспарланған. Бірақ, Алматы Астана Атырау қалаларында құрылыс материалдарына деген бағаның тұрақтанып қалуына орай, пәтерлердің шаршы метрі 450 доллардан сатылады. Қазақстандағы ең қымбат пәтерлер осы қалаларда салынады. Атырау қаласында басылатын «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы Жұмабай Доспановтың пікірінше, бұл бағдарлама Қазақстанда 1987 жылғы Генадий Колбиннің енгізген тұрғын үй бағдарламасы сияқты.

-Мүмкін облыс орталықтарында теледидардан халыққа көрсету үшін, сондай бір екі үйді халыққа арзан береді деуі мүмкін. Бірақ, оның жұмысының тең жартысынан астамы жасалынбаған, оны енді көз бояушылық деп есептеймін.

Астанада тұрып жатқан саясаттанушы Әзімбай Ғалидің ойынша, тұрғын үй саласындағы жемқорлықты азайтса, үйлердің коммуникациялық желілерін мемлекет өз мойнына алса және төмендегі талаптар орындалса, пәтер бағасын арзандатуға болады.

-Егерде, мемлекет жерді ашық тендермен берсе, төмен ставкалармен несие берілсе, құрылыс материалдарын негізінен өзімізде өндірсе жағдай өзгереді. Тегін үйлерді мемлекет бергенді қою керек, өйткені, басқа салынып жатқан үйлердің өзіндік құны көтеріледі.

Құрылыс саласында әзірге ипотекалық неселеу жүйесіне көп үміт артылып отыр. Қазақстанның ипотекалық компаниясы бастығының орынбасары Әсет Манабаевтің мәліметіне сүйенсек, республикадағы 11 банк Қазақстан президентінің халыққа жолдауындағы банк пайыздарын төмендету туралы меморандумға қол қойған.

Астананың қозғалмайтын мүлік компаниясы президентінің орынбасары Қасым Еремесовтың пікірінше, президент жариялаған баға тек бюджеттен бөлінген қаражатқа әкімшіліктердің тапсырысымен салынатын үйлерге ғана қатысты.

Бағдарламада жазылған жоспарға сәйкес, Қазақстанда алдағы 3 жылда жалпы ауданы 12 млн. шаршы метрден асатын тұрғын үйлер салынады.