Баспасөзге шолу. 06-12-2004

Соңғы кезде Қазақстанда қалыптасып отырған саяси ахуал бірқатар басылымдарды алаңдатып отыр. Мәселен, “Сөз” газетінде Гүлжан Ерғалиева ресей сарапшыларының Қазақстанда “саяси арандатушылықтың” белең алатындығын болжағандығына тоқталады. “Российские вести” газетінде Қазақстан өкіметі оңтүстік өңірлерде бірнеше теракт ұйымдастырғаннан кейін елді төтенше жағдайға келтіретіндігі жазылған”, - дейді Гүлжан Ерғалиева. Оның айтуынша, ресей басылымы: “Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі негізінде сол төтенше жағдайды ұйымдастыратын диверсиялық арнайы топтар құрылуда”,- деп топшылап отыр.
“Алматы, Шымкент, Тараздағы бейбіт тұрғындардың опат болуы адамдарды есеңгіретіп, олар алыстағы сыбайластық пен жемқорлық шатағын да, Америка юстициясы мен “Қазақгейт” оқиғасын да ұмытады”, - деп жазылған “Сөз” газетінде. Мақала авторы бұл мақалада айтылған жәйттарды “Ассанди таймс” газетінің жалған санының жарыққа шығуымен байланыстырады. Гүлжан Ерғалиеваның пікірінше, оппозициялық газеттің жалған санында “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы мен “Ақ жол” партиясын қоғамның тұрақтылығын теңселтетін, төңкерістер атыс-шабыстарға қабілетті күш деген ойды оқырманға таңу көзделген”.

Мысалы, “оппозицияның құрылымды қантөгіс арқылы өзгерту идеясы Ғалымжан Жақияновтың жасанды хатында да орын алған”, - дейді “Сөз” газеті. Мақала авторы ресей басылымдарының президенттің, оның отбасының, жақын маңайының тығырыққа тірелгені жайлы болжамын алға тарат отырып, “оппозиция лагеріндегі экстермистер, сыбайлас жемқорлар, террористермен жаңа күресті бастау үшін” Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы әрі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Рахат Әлиев елге орала ма екен?”- деп аяқталады. Ал “Ассанди таймс” апталығы болса, өзінің жалған шығарылымын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қазіргі басшысы Нартай Дүтбаевқа қарсы ұйымдастырылған акция ретінде бағалайды. Мақала авторының пікірінше, мемлекеттік аппарат пен арнайы қызметті толығымен қарамағына алғысы келген президент әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов оны сенат спикері Нұртай Әбіқаевтың адамы деп есептейтіндіктен, оның орнына өз адамын қойюды діттейді.

“Газеттің жалған санын Дүтпаевтың оппозцияға қарсы қара дүрсін жұмысының нәтижесі ретінде көрсетіп, президентті оны басқа адаммен алмастыруға көндіргісі келеді”, - деген болжам жасайды газет шолушысы Мұхаметжан Әділов. Ол өз мақаласында “Иманғали Тасмағамбетов президенттің ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаевпен бірігіп, өздерінің саяси ойындарын жүргізіп отыр” деген ой айтады. “Бұл одақтағы басты жүлде – Иманғали Тасмағамбетов үшін Елбасының орынтағы болса, Тимур Құлыбаев үшін – “сұрғылт кардинал” ретінде экономикаға әмірін жүргізу”, - дейді “Ассанди таймс” газеті. Мақала авторы: “Дариға Назарабева мен Рахат Әлиевтің “Асар” партиясы “Ақ жолмен” одақтасса да, олар ықпал ету құралдары жағынан Тасмағамбетов-Құлыбаев жұбымен теңесе алмайды”, - деп есептейді. Ал Тасмағамбетовтің Еуразиялық өнеркәсібі тобының басшысы Александр Машкевичпен де келіміге келуі бұл үштіктің қуатын шексіз арттырады деген ой айтады “Ассанди таймс” газеті. Сонымен бірге осы газет “Машкевич “тыңдамайтын” министрлерді қалай сапқа тұрғызып, президент оны қолдағаны жайлы” деген мақалада Шетел инвесторлар кеңесінің кезекті отырысында Машкевич Монополияға қарсы агенттік басшысы әрі “Ақ жол” партиясының теңтөрағасы Ораз Жандосов пен көлік министрі Қажымұрат Нағмановты “орнына қойып, Қазақстан президентіне ықпалын тағы бір мәрте дәлелдеді”, - дейді.

“Жас алаш” газеті Машкевич мырзаның наразылық білдіру себебін оның қарамағындағы компаниялардың бірқатар мемлекеттік жеңілдіктерден айырлығысы келмеуімен түсіндіреді. Мысалы, газет келтірген деректерге қарағанда, биылғы жыдың наурыз айында “Қазақстан темір жолы” компаниясының басшысы Ерлан Атамқұлов президентке: “ұлттық компанияның Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастық құрамына кіретін кәсіпорындарды 9 544 миллион теңгеге, “Богатырь Акссес көмір” кәсіпорнын 4 181 миллион теңгеге қаржыландырып отырғандығын” баяндаған. Сондай-ақ, мақала авторының айтуынша, көмір мен темір тасымалдау тарифтері мұнай тасымалдау бағамынан 4 есеге кем екен. “Мұнайшылар тиісті ақшаларын төлеп отырса, көміршілер мен теміршілер неге тиісті ақша төлемейді? Олардың барлығы – жекеменшік компаниялар ғой”, - дейді “Жас алаш” газетінің тілшісі.

“Қазақстан” газеті “Ақ жол” партиясына қарсы шабуылдың мерзімінен бұрын басталып кеткендігіне тоқталады. “Президентке “Ақ жол” туралы әңгімені қуаттатып алып, “ақпараттық соғысты” бастаған Ертісбаев әрекетінің астарында кезедейсоқтық тұр деу нанымсыз”, - деп есептейді газет тілшісі. Оның пікірінше, “өз партияларына жеңуге мүмкіндік беріп отырған билік ертең сайлау басталарда сан түрлі әрекеттерге барады”.