Қазақстандағы сайлау барысын қадағалауға ресми түрде 32 шетелдiк бақылаушы тiркелдi

  • Ескендір ЕРТАЙ
Қазақстанның сыртқы iстер министрлiгiнiң хабарлауынша, Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымынан Қазақстан Парламентi Мәжiлiсi сайлауына бақылаушылар ретiнде Орталық сайлау комиссиясынан ресми түрде 32 адам өткен.

Ал, Тәуелсiз мемлекеттер достастығы елдерi бойынша сайлау барысын бақылаушылар әзiр iске кiрiсе қойған жоқ. Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары тамыздың 26-сында, қыркүйектiң 9-ы және 20-сы күндерi есеп беретiн болады. Сондай-ақ, Сыртқы iстер министрлiгi шетелдегi Қазақстан азаматтарының дауыс беру тәртiбiн ұйымдастыруда.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесi Владимир Фоостың айтуынша, бүгiнге дейiн Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымынан Қазақстан Парламентi Мәжiлiсi сайлауына 32 бақылаушы ресми тiркеуден өткiзiлдi. “ Бiздiң ендiгi бiлетiнiмiз тәуелсiз бақылаушылардың Астана мен Алматыда офистерi ашылды. Олардың немен айналысып жатқанын бiлмеймiз. Олар бiздiң алдымызда есеп беруге тиiстi емес” дейдi.

Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi Наталья Вишнякованың айтуынша, шетелдiк бақылаушылар ұзақ мерзiмдiк және қысқа мерзiмдiк бақылауға келiп жатыр. “Сыртқы iстер министрлiгiнiң ұсынуымен 32 шетелдiк бақылаушы тiркелсе, қазақстандағы қоғамдық бақылаушыларға үкiметтiк емес ұйымдар дауыс беру кезiнде куәлiк бередi. Жалпы бiздiң жұмысымызды бақылаушылардың ұлттық жүйесi де қадағалап отыр”дейд Наталья Вишнякова.

Сыртқы iстер министрлiгi баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, Қазақстанға тәуелсiз мемлекеттер достастығы елдерiнен 100-120 бақылаушы келедi деп күтiлуде. Астана мен Алматыда бақылау штабтары құрамын жасақтау қыркүйектiң 5-iне дейiн аяқталмақ.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесi Владимир Фоостың айтуынша, шетелдегi Қазақстан азаматтарының дауыс беруi де тиянақты ұйымдастырылуда. Ресей, Түркия, Өзбекстанда сайлаушылар тiзiмi нақтылануда. Олардың консульдық тiзiмiнде бар адамдар қыркүйектiң 19-ы күнi сол жерде дауыс бере алады.

Түркиядағы Қазақстанның төтенше және өкiлеттi елшiсi Аманжол Жанқұлиев сайлау қарсаңында атқарылған жұмыстар жөнiнде есеп бердi” дейдi сыртқы iстер министрлiгiнiң баспасөз қызметкерi Мұхтар Кәрiбай.

Өзбекстандағы Қазақстан елшiлiгiнде тiркелген сайлаушылардың нақты саны 187 болып отыр, дейдi елшiлiктiң жауапты қызметкерi Беделхан Асқарғалиев.

Ал, қазақстанда тұратын сайлаушылардың кейбiрi сайлауға қатыспайтындықтарын сайлаудың әдiл өтетiнiне күмәндi екендiктерiн бiлдiрсе, ендi бiрi әдiлеттi өтетiнiне сенiмдiлiк танытуда. Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының сайлауды бақылау жөнiндегi миссиясының жетекшiсi Роберт Берридiң айтуынша, тәуелсiз бақылаушылар тамыздың 26-сы, қыркүйектiң 9-ы күндерi ғана өз сараптамаларын жариялайды. Өйткенi, сайлауға дейiн техникалық кемшiлiктердi түзеуге уақыт болады. Сондай-ақ, қыркүйектiң 19-ында да сараптама қорытындысын жасамақшы. Соңғы күндердiң тағы бiр жаңалығы Қазақстанның ақпарат министрi Алтынбек Сәрсенбаевтың министр қызметiн сайлау науқанына байланысты уақытша тоқтатуы. “Ақжол” партиясының партиялық тiзiмi бойынша сайлауға түсетiндiктен ол Қазақстан Президентiнен қызметiн уақытша тоқтата тұруды сұраған болатын. Мемлекет басшысы Сәрсенбав мырзаның өтiнiшiн қанағаттандырды. Оның мiндетiн сайлау аяқталғанша бiрiншi вице-министр Олег Рябченко атқарады.