Алматыда жас пианистердің халықаралық байқауы басталды

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ
Қазанның 1-і мен 9-ы күндері аралығында Алматы қаласында Сергей Прокофьев атындағы жас пианистердің 2-ші халықаралық байқауы болып өтеді. Сенбі, қазанның 2-сі күні түске дейін Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында осы байқаудың ашылуы, ал түстен кейін Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында байқау қатысушыларының арасында жеребе салу салтанаты болып өтті. Ұлттық консерваторияның 60 жылдығына орайластырылып өткізіліп отырған халықаралық байқауда Франция, Ресей, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттерінің өнерпаздары бақ сынамақ.

6 жасынан бастап кішігірім фортепиана пьесаларын жазып, 9 жасында балалар операсының авторы атанған Сергей Прокофьев атындағы 2-ші халықаралық жас пионистер байқауына 20 жас өнерпаз қатысуда. Байқау шартына сәйкес, өнерпаздардың жасы 18-ден аспауға тиіс. Бұл ретте Алматыдағы сайыстың ең жас қатысушысы 9 жастағы Қазақстандық Мөлдір Ержанова болды. Ол алдағы күндері 3-і болып өнер көрсетпек. 3-ші сынып оқушысына жеребе реті солай бұйырыпты:

- Өнердің бұл түрімен шұғылданғаныма 3 жыл болды. 6 жасымнан бастағанмын. Бұған дейін Павлодардағы сосын Орскдегі байқауларға қатыстым. Павлодарда дипломант атандым, ал Орскде 3-ші орын алдым. Өскенде Жәния Әубәкірова, Алтай Құсайынов сияқты атақты болғым келдеді.

Мөлдірдің анасының мамандығы дәрігер екен. Қызының өнердің осы түріне икемі байқалған соң бетінен қақпадық дейді. Бұл ретте байқау қатысушыларының әрқайсысы 50 доллар көлемінде жарна төлеуге міндетті екендігін де айта кеткен жөн. «Болашақта баламыздың бағын байлау ойымызда жоқ, яғни, қал-қадірімізше халықаралық байқауларға қатыстырып тұрамыз» дейді Мөлдірдің анасы Ғалия Ержанова:

- Мамандығым дәрігер. Қазір осы қызымның жағдайына қарап, жұмысты қойдым. Өзі осы кішкентайынан ән айтып, ерекше ынта танытты. Сосын бетінен қақпадық. Құдайға шүкір, жетістіктері жаман емес. Осы байқаудан да жүлделі орын алады деп үміттеніп отырмыз.

Байқау ұйымдастырушыларының бірі, ұйымдастыру комитетінің атқарушы директоры Бекзада Сүлейменованың айтуынша, бұлар кездескен негізгі қиындық - қатысушыларға шақырту жіберу, олардың сайысқа қатысуы төңірегінде болыпты. «Сергей Прокофьевтің туындылары өте күрделі. Ол кісінің шығармаларын балалар кемінде 1 жыл оқып үйренуге тиіс екен. Көбінде осы талап ескерілмей қалды» дейді Бекзада Сүлейменова:

- Біз қатысушыларға шақыртуларды өте кеш жібердік. Жағдай солай болды. Анығында, ол дұрыс емес екен.

Сергей Прокофьев атындағы 2-ші халықаралық жас пианистер байқауы 3 кезеңнен тұрады. 1-ші, 2-ші кезеңде қатысушылар 10-10-ға бөлініп, 2 күн бойы жарты сағат көлемінде өнер көрсетпек. 3-ші кезеңге алғашқы кезеңнен жоғары көрсеткішке қол жеткізгендері жолдама алады. Байқау қатысушыларының қорытынды концерті 9-шы қазанға жоспарланып отыр. Жеңімпаздар жүлдесі жайында айтар болсақ, 1-ші орынды иеленген өнерпазға 5 мың доллар, 2-ші орынға 3 мың, 3-ші орынға 2 мың доллар және лауреат атағы тағайындалыпты. Бұдан өзге 4-ші, 5-ші және 6-шы орынға қол жеткізген өспірімдер дипломант атанып, әрқайсысы 1 мың АҚШ доллары көлемінде жүлдені иеленбек.