Ауғаныстанда өткен президенттік сайлауға қазақстандық саясаттанушылар мен ауғандықтар әр түрлі баға беріп отыр

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Сенбі күні Ауғаныстанда президенттік сайлау өте салысымен, басты сайлау комиссиясы Хамид Қарзайдың он бес бәсекелесінің талап арыздарын қарайтындықтарын мәлімдеген болатын. Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымы өз кезегінде Хамид Қарзайдың бәсекелестерінің сайлаудың қорытындысын жоққа шығару туралы талаптарын негізсіз деп тапқаны белгілі.

Бұл оқиға Қазақстандағы саясаттанушылардың арасында да түрлі пікір туғыза бастады. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, Хамид Карзай алғашқы кезден-ақ Америка Құрама Штаты әскери күшіне сеніп, президенттік сайлауды көздеген мақсатына жету үшін пайдалануға тырысқан.

«Хамид Карзай алғашқы кезден-ақ әкімшілік ресурстарды пайдалану арқылы, бәсекелестерінің алдында өзін жеңімпаз ретінде ұстады. Әрине бұл сайлау Ауғаныстан тарихына тұңғыш рет өткізілген алтернативтік сайлау ретінде енеді. Алайда Хамид Қарзайдың бұл жеңісі Ауғаныстандағы саяси жағдайдың жақсаруға ықпал жасамайды, керісінше шиленістіре түседі» дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиев Ауғаныстан президенті Хамид Қарзай билік басында ұзақ тұра алмайды деп есептейді. Берік Әбдіғалиевтің пікірінше Ауғаныстанда Ресей мемлекетінің Шешенстанда жасап жатқан технологиясы іске асып жатыр.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов «Азатттық» радиосына, бұл мәселеде ең алдымен сол жерде тұратын түрлі халықтың мүддесіне жауап бере алатын саясат ұстану керек деген ойын білдірді.

Ал, саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, Америка Құрама Штаты мен Пәкістан мемлекеті Ауғаныстандағы жағдайдың тұрақты қалыпқа келуі үшін зор ықпал жасап отыр.

Бүгінгі таңда Қазақстан мемлекетінде мыңдаған босқын-ауғандардың бар екендігі белгілі. Дүйсенбі күні біз Қазақстандағы Ауғаныстан елшілігіне хабарласқан кезімізде, осы елшіліктің қызметкері Ахтар Шах Сайғани сайлауға қатысты дауыс беру рәсімінің тек Иран мен Пәкістан мемлекетінде ғана ұйымдастырылғандығын мәлімдеді.

Ал, Қазақстандағы Ауғаныстан диаспорасының төрағасы Ахметулла Восток Ауғаныстандағы өткен сайлауға қатысты өз ойын былайша білдірді:

« Ауғаныстандағы сайлау демократиялық тұрғыда өткен жоқ. Өйткені сайлау кезінде көптеген заң бұзушылықтар орын алды. Сонымен қатар шет мемлекеттерде де мыңдаған ауғандықтардың өмір сүріп жатқандығы белгілі. Ал, сайлауға басқа мемлекеттерден тек Иран мен Пәкістанда тұратын азаматтар ғана қатыса алды. Қазақстанда да Ауғаныстан үкіметі ауған азаматтарының дауыс беруіне мүмкіншілік туғызуы қажет еді» дейді Қазақстандағы Ауғаныстан диаспорасының төрағасы Ахметулла Восток.

Ал, Ауғаныстаннан келген босқын Аман Улла есімді азамат, өзінің Ауғаныстанда болмағандығына талай жыл өткендігін және ол жақтағы ахуалмен аса таныс емес екендігін айтып берді:

«Жалпы дауыс беру үшін президенттік сайлауға кімдердің қатысқандығын білу ләзім. Ал, мен сайлауға түсіп жатқандардың ешқайсысын білмейтін болғандықтан, дауыс беру мен үшін қиынға соғар еді» дейді, Ауғаныстаннан келген босқын Аман Улла есімді азамат.