Әбу Мұсаб Әз-Зарқауи бастаған экстремистік топ Ирақтағы Ұлттық ұланның 50 жауынгерінің қазасын өз мойнына алды

Әбу Мұсаб Әз-Зарқауи бастаған экстремистік топ Ирақтағы Ұлттық ұланның 50 жауынгерінің қазасын өз мойнына алды. Бұл хабар Интернеттегі ислам сайттарының бірінде кеше шықты. Алдыңғы түнде қарусыз жауынгерлер отырып келе жатқан автокеруенге Бағдадтан 160 шақырым жерде тасадан шабуыл жасаған экстремистер жауынгерлердің бір жартысын қарақұстан атып өлтірсе, қалғандарын автокөлігімен бірге өртеп жіберді. Осы күні Бағдадтың халықаралық әуе жайы маңында минаатқыштың оғынан АҚШ дипломаты Эдвард Зэйтц мерт болды. Әл-Джазира телекомпаниясының хабарлауынша, бұл қазаны “Ирақтағы ислам армиясы” тобы өз жауапкершілігіне алған. Бағдадтың оңтүстігінде бомба орнатылған автокөліктің жарылысынан 1 болғар жауынгері қаза болып, екіншісі жараланды.