БҰҰ-ы: “Үнді мұхиты аумағындағы табиғат апатқа ұшыраған бірде-бір ел Индонезияның Суматра аралы мен Ачех өлкесіндей қатты жапа шеккен жоқ”

Үнді мұхиты аумағындағы жер сілкінісі мен одан туған цунами құрбандарының саны кеше 150 мыңға тақады. БҰҰ-ының өкілі Ян Эгеландтың атап көрсетуінше, құрбандардың саны тағы арта түсуі мүмкін. Бірақ азық-түлік пен дәрі-дәрмекке мұқтаж болғандардың саны одан әлдеқайда көп – 1.8 млн-ға жуық. АҚШ президенті Дж.Буш 2 экс-президент Б.Клинтон мен үлкен-Дж.Буштан Оңтүстік Азия аймағындағы зілзала мен цунамиден жапа шеккен елдерге Американың жеке кәсіпкерлері мен бұқара халқын қолдауға шақыруын өтінді. Ол жайында кеше Ақ үйде 2 экс-президентпен бірге тұрып қазіргі президент Дж.Буштың өзі хабарлады. Оның атап көрсетуінше, алдағы күндері экс-президенттер Б.Клинтон мен үлкен-Дж.Буш Америка халқын осы күні цунами құрбандарына көмек көрсетіп жатқан қайырымдылық ұйымдарын қолдауға шақырады. Ол ұйымдардың көбісі апат болған аймаққа өз сарапшыларын аттандырып, ол жаққа қандай көмек қажеттігін жақсы біледі”.