Алматыда НАТО-ның халықаралық форумы өтіп жатыр

  • Досан БАЙМОЛДА
НАТО ұйымы Орталық Азия елдері арасында алғаш рет өзінің осындай маңызды жиынын Қазақстанда өткізіп отыр. Жиынға НАТО ұйымына мүше және онымен серіктес 25 мемлекеттен 60-тан астам өкілдер келді.
Алматыдағы форумда НАТО-ны трансформациялау жөніндегі стратегиялық басшылықтың НАТО ұйымын қалай өзгерту мәселесіне қатысты ұсыныстары талқыланумен бірге НАТО мен «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасының алдағы даму болашағы жөнінде кең түрде пікір алмасу өткізіліп отыр.

Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасынан алғаш рет НАТО- ның тағы бір бағдарламасы - «Жоспарлау және талдау процестері» атты бағдарламаға қосылды. Өткен жылдан бері Қазақстанның қорғаныс министрлігінде НАТО-ның құжат орталығы құрылып, жұмыс істей бастады. Ал осы бағдарлама шеңберінде қазақстандық бір офицер, майор Әділ Нұрманов қазіргі күні НАТО-ның Брюссельдегі орталық штаб пәтерінде НАТО-ға мүше мемлекеттер мен серіктес елдердің ақпараттық талдау орталығында қызмет етіп жатыр.

Қазақстанның қорғаныс министрлігінің халықаралық бағдарламалар жөніндегі басқармасының бастығы полковник Владимир Райхельдің айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанның бітімгершілік батальонын НАТО әскери күштері деңгейінде дайындау ісі өте маңызды мәселе болып тұр. Сондықтан осы тарапта НАТО әскери басшылығымен арада келіссөздер жүріп жатыр. Сондай-ақ, НАТО-ға мүше мемлекеттердің қарулы күштеріндегі трансформациялану процестерін де жақсылап зерттеу үстіндеміз дейді ол.

Ал, НАТО ұйымы трансформациялау жөніндегі стратегиялық басшылығының басқарма бастығы Томас Эрнстің айтуынша, «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның НАТО ұйымымен арадағы байланысын НАТО басшылығы жоғары бағалайды.

- Сондықтан да осындай аса маңызды жиынды алғаш рет НАТО-ға мүше емес, бірақ, осы ұйыммен серіктес ел - Қазақстанда өткізіп отыр, - деді ол.

НАТО-ның трансформациялау мәселесіне арналған халықаралық жиын өз жұмысын бейсенбі күні аяқтайды.