Журналистпен соттасқан Арқалық қаласының әкімі қызметінен кетті

  • Дәнеш ҰЗАҚ
Наурыздың 18-і күні Қостанай облысы әкімінің өкімімен Арқалық қаласына жаңа әкім тағайындалды. Ресми хабар бойынша, Арқалық қаласының бұрынғы әкімі Жомарт Түбекбаев қызметінен өз еркімен кеткен.
Жомарт Түбекбаев Азаттық радиосының тыңдармандарына Арқалық қаласындағы жергілікті журналист Жұмат Әнесұлымен соттасып жүрген шенеуік ретінде белгілі. Журналист Жұмат Әнесұлы қазақстандық “Жас Алаш” газетінің 2004 жылғы қазан айының 28-і күнгі санында “Арқалық қаласының экономикалық жағынан құлдырауына қала әкімі Жомарт Түбекбаев кінәлі” деп зерттеу мақала жариялаған болатын.

Арқалық қаласының бұрынғы әкімі Жомарт Түбекбаев “журналист мақаласында жазылған жайлармен менің арымды қорлады” деген желеумен, өткен жылдың желтоқсан айында тәуелсіз журналисті сотқа берді. Азаттық радиосы әкім мен журналист арасындағы осы сот ісін назарда ұстап келген еді.

Арқалық қаласының бұрынғы әкімі Жомарт Түбекбаев, қаңтардың 18-і күні Азаттық радиосына берген сұхбатында “Егер Жұмат Әнесұлы жазған мақаласы үшін менен газет бетінде кешірім сұраса, мен соттан өз арызымыды қайтып аламын” деген еді:

- Ол кісі газетте жариялаған, мақаласында мені қаралап жалған жазған. Өзі ештеңені нақты дәлеледеп бере алмайды. Бар фактісі көшеде жүрген адамдардың сөзінен құралған. Мен оған егер сіз газет бетінде менен кешірім сұрасаңыз, мен арызымды қайтып аламын дедім.

Бұған жауап ретінде журналист Жұмат Әнесұлы жазған мақаласындағы деректер шындық екенін, ол үшін әкімнен ешқандай кешірім сұрамайтынын айтқан болатын. Осы істі 2 айдан артық уақыт қараған Арқалық қаласының соты ақпан айының 16-сы күні жергілікті журналист Жұмат Әнесұлын кінәлі деп тауып, судья Бекзат Кәрбенова мынадай шешім шығарды:

- Жұмат Әнесұлы Қазақстан республикасының қылмыстық кодексінің 129-шы бабының 2-ші бөлігімен кіналы деп табылды. Оған 65535 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Келесі 130-шы баптың 2-ші бөлігі екі айыптаушы бас тартқандықтан айыптаудан алынып тасталды.

Арқалық қаласында тұратын тәуелсіз журналист Жұмат Әнесұлы қалалық соттың шешімімен келіспей, Қостанай облыстық сотына шағымданған болатын. Облыстық соттың отырысы наурыздың 29-ына белгіленген. Журналист Жұмат Әнесұлы облыстық сот алқасынан әділеттілік күтетінін айтады.

- Қалалық соттың куәларды қатыстырмай, заңсыздыққа жол бергені айдан анық. Сондықтан облыстық сот осыларды көріп тұрып, қалалық соттың шешімін бекітуге тиіс емес.

Арқалық қаласының бұрынғы әкімі Жомарт Түбекбаевтың қызметінен кетуінің себебін, тәуелсіз журналист Жұмат Әнесұлы өз мақаласы мен осған байланысты сот ісіне қоғамның назар аударуынан көреді.

- Жұрттың бәрі байланысы бар деп жүр. Шындығында да “Жас Алашта” жарияланған фактілердің бәрі орын алғанын ешкім теріске шығара алмады ғой. Ол шамасы осының бәрінен қызметтен кетіп құтылайын деген болуы кекрек. Әрі мен Жомарт Түбекбаевты қылмыстық жауапкершіліке тарту туралы сотқа арыз бергенмін. Оны кейін қараймыз деп созып алды, кейін ол да қозғалуы мүмкін деген болар.

Халықаралық “Әділ Сөз” сөз бостандығын қорғау ұйымының қызметкері Ғалия Әженова, наурыздың 29-ы күні журналист Жұмат Әнесұлының шағымына қатысты облыстық соттың қандай шешім шығаратыны жөнінде екі түрлі жорамал түйіп отыр.

- Бірінші жорамалым: бұл жерде ешқандай жала жабу жоқ, сондықтан қылмыстық іс қысқартылады. Екінші жолы, облыстық сот жала жабу орын алған деп тауып, тек 500 АҚШ доллары көлеміндегі айыппұл мөлшерін азайтуы мүмкін.

Журналист Жұмат Әнесұлы Қостанай облыстық соты Арқалық қаласының шешімін сол күйінде қалдырған жағлдайда, Жоғарғы Сотқа дейін шағымданатынын айтып отыр. Ал Арқалық қаласының бұрынғы әкімі Жомарт Түбекбаев, қала әкімшілігі қызметкерлерінің айтуына қарағанда, әкімшіліктен соңғы демалыс ақысын алып, дем алып жатқан көрінеді.