Бүгін Мәскеуде Ресей мен Белорусь басшылары кездесті

Ресей президенті Владимир Путин көкектің 22-күні Мәскеуде Беларусь елінің басшысы Александр Лукашенкомен кездесті.

Ресей астанасына келісімен президент Лукашенко:

- Талқыланатын негізгі мәселелер арасында екі ел заңдарын өзара сәйкестендіру, сондай-ақ, Ресейдегі беларустарға және Беларустағы орыстарға азаматтық тең құқық беру кепілдігі, денсаулық, зейнетақы, білім беру және де әрине, бюджет мәселесі бар, - деді.

НАТО ұйымына мүше елдер сыртқы істер министрлерінің Литвадағы кездесуінде Ресей мен АҚШ Беларусь жөнінде сөзге келісіп қалған болатын. Кеше АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Вильнюста, Беларусь - Еуропадағы ең соңғы диктаторлық жүйе орнаған ел, бірақ, демократияға бәрібір жол ашылады деді. Ал ресми Минск мен Мәскеу болса К.Райс ханым Белорусьтің ішкі істеріне араласып отыр деп айыптады.