Теңіз кенішінде болған апаттан ауаға газ тараған

  • Гүлмира ХАМЗА
Сенбі күні энергетикалық станциядағы болған апат салдарынан тоқтатылған Теңіз кенішіндегі газ өңдейтін зауыт шілденің 4 күні қайтадан іске қосылды. Апат салдарынан ауаға қышқыл газ тарап, зауытта жұмыс істейтін 8 мыңға жуық адам басқа жерге көшірілген болатын. Теңіз кенішіндегі төтенше жағдайды зерттейтін арнайы комиссия құрылмақшы.
Дүйсенбі күні Теңіз кенішіндегі газ өңдейтін зауыт толығымен қайтадан іске қосылды. Зауытта еңбек ететін 8 мыңға жуық адам өз жұмыс орнына оралды. “Теңізшевроил” серіктестігінің байланыс жөніндегі қызметкері Мария Қаражігітова шілденің 2-сі күні болған оқиға салдарынан зардап шеккендер болмағанын айтады.

- Электр стансасында апат болғандықтан, зауыт жұмысы тоқтатылды. Зауытта болған азаматтардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ, барлығы аман-есен. Үш адам барған екен емханаға, бірақ, олар сол күні болған ыстыққа шыдамай барыпты, электр қуаты жоқ болған уақытта кондиционерлер де іске қосылмай қалды ғой. Олардан басқа емханаға барған ешкім болған жоқ. Қазір 7200 адам аман-есен жатын жерлеріне жеткізілді, - дейді Мария Қаражігітова.

Ал, Атырау облысындағы төтенше жағдай саласында тексеру жүргізетін мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының бастығы Темір Естебаев шілденің 2-сі күні болған апат салдарынан ауаға газ шыққанын айтады. Оның айтуынша, апаттың алдын алу үшін бақылау басқармасы арнайы ескерту де жасапты.

- Ауаға газ тарады, қазіргі таңда бұл апаттан экологияға тиген зиян мен материалдық шығын мөлшері анықталып жатыр. Мұндай апаттың алдын алу үшін біз біраз жұмыс атқарып, тексерулер жүргізгенбіз, бірақ ТШО серіктестігімен жұмыс жасау қиын болып тұр. Себебі, біз алдын ала тексеру жүргізгенде, бар кемшіліктерді айтып, барлығын көрсеткенбіз, алайда, одан нәтиже шықпады. Бұл апат сол біз айтқан талаптарды орындамағанның салдарынан орын алып отыр, - дейді Атырау облысындағы төтенше жағдай саласында тексеру жүргізетін мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының бастығы Темір Естебаев.

Өз кезегінде “Теңізшевроил” серіктестігінің маманы Мария Қаражігітова газ өңдеу зауыты оларға қойылатын бар талапты орындайтынын айтты.

- Мен білмеймін, біз әрдайым үкіметпен байланыс жүргізіп отырамыз. Болған жағдайдың барлығын тиісті органдарға жеткізіп тұрамыз. Ал зауыттағы оқиға - бұл күрделі шаруалардың бірі. Азаматтардың барлығы аман, зауыт жұмысына кірісті, - дейді “Теңізшевроил” серіктестігінің байланыс жөніндегі қызметкері М.Қаражігітова.

Қалай болғанымен, орын алған апаттан келген зиян мөлшерін арнайы құрылатын комиссия анықтамақ. Мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының жетекшісі Темір Естебаевтың ойынша, болашақта мұндай оқиға қайталанбауы керек.

- Әзірге зияны жоқ, бірақ, көптеген адамның өміріне қауіп төнді. Енді қалған жұмыстың барлығын арнайы құрылатын комиссия тексереді, зерттейді. Осы зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қанша зиян келгені туралы, қандай қауіп болғаны туралы толық айтамыз, - дейді Атырау облысындағы төтенше жағдай саласында тексеру жүргізетін мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының бастығы Темір Естебаев. Академик Муфтах Дияровтың пікірінше, ауаға шығатын қышқыл газды бірден анықтау қиын.

- Ауаға шыққан газ құрамында адам денсаулығына, табиғатқа зиянды заттар бар. Бұл газдың адам денсаулығына тигізген зиянын анықтау үшін біраз уақыт керек. Кейбір азаматтар осындай ауаның салдарынан ұйықтап жатқанда қайтыс болып жатады. Ал екіншілері денсаулығына қарай 30-35 жастарында осындай зиянды заттардың салдарынан көз жұмады, - дейді академик Муфтах Дияров.

Ал, эколог маман, “Каспий табиғаты” үкіметтік емес ұйым жетекшісі Махамбет Хәкімовтың айтуынша, мұндай жағдай бұл өңірде жиі болып тұрады. Негізінен, тәуелсіз экологтар соңғы жылдары Қазақстанның мұнайлы өңірлеріндегі табиғат жағдайы күрт нашарлап кетті дегенді айтады.