КАБУЛ. Ауғанстандағы қыркүйекке белгіленген жалпыұлттық сайлаудың қарсаңында аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Пәкістан Ауғанстанмен тығыз ынтымақтасуға дайын. Кеше Кабулда Ауғанстан президенті Х.Қарзаймен өткізген келіссөзінен кейін Пәкістан премьер-министрі Шауқат Әзиз осылай деп мәлімдеді. Қақтығыстардың қайта өршуіне байланысты соңғы 5 айда Ауғанстанда 700 адам құрбан болды. Пәкістанның 70 мыңдық әскері Ауғанстан шекарасына жақын аймақта тәліптердің қалдықтарымен шайқасып жатыр. Францияның қорғаныс министрі Мишель Алио-Мари ханымның хабарлауынша, францұздар Ауғанстанға қосымша 180 жауынгерін, “Мираж” атты 6 жойғыш ұшағын және 2 жүк ұшағын жолдайды. Ауғанстанда коалициялық күштердің бас-аяғы 8 мыңдық қолы шоғырланған.