Алматыда оппозициялық басылымдардың журналистері пикетке шықты

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ
Қыркүйектің 28-і күні Алматыда ”Свобода слова”, “Эпоха”, “Сөз”, “Апта.kz”, “Правда Казахстана”, “Жұма таймс”, “Азат” басылымдардың бас редакторлары “Время-принт” баспаханасы алдында 2 сағаттан астам уақыт пикет өткізді. Пикет ұйымдастырған бас редакторлар “Время-принт” баспаханасының жетекшілерінен баспахана аумағында аштық жариялауға рұқсат сұрап, 6 оппозициялық басылымды басудан бас тартуларының себебін түсіндіруді талап етті. Алайда баспахананың басшылығы басылымдарды не себепті баспай отырғандықтарының себебін айтқан жоқ. Оппозициялық басылымдар бас редакторларына баспахана аумағында аштық жариялауға да рұқсат бермеді.
Сәрсенбі күнгі оппозициялық басылымдар бас редакторларының “Время-принт” баспаханасы алдында аштық жариялаймыз деген әрекетінен түк шықпады. Түскі сағат 12-де жиналған олар күндізгі сағат 2-ден кейін “Время-принт” баспаханасы аумағынан кетуге мәжбүр болды. “Жұма таймс” апталығының құрылтайшысы Жұмаш Көкбөрі: “Биліктің оппозициялық басылымдарды тұншықтыратындай біз заң бұзғанымыз жоқ. Қайта заңды билік белден басып отыр”, дейді. Оның айтуынша, газеттерді бұлай жабуға болмайды. Биліктің бұл әрекеті - кәдімгі полицейлік мемлекетті орнату. Мұндай әрекет ешбір елде болмаған. Бұл тек фашистік диктатура орнаған кезде ғана болатын нәрсе. Мұның барлығы Қазақстанға диктатураның келе жатқандығының белгісі.

Ал “Свобода слова” басылымының бас редакторы Гүлжан Ергалиева: “Баспахана біздің газеттерді басу арқылы орта есеппен алғанда ай сайын 170 мың АҚШ доллары көлемінде пайда көріп келді” дейді. Оның айтуынша, баспахана енді биліктің ықпалымен аяқ астынан мұндай пайдадан бас тартуға мәжбүр болып отыр. Гүлжан Ерғалиева: “Біз өз оқырмандарымызға газетіміздің шықпай қалу себебін түсіндіру үшін соңғы қадамдарға баруға мәжбүр болып отырмыз. Екі жақты осындай шарасыз күйге түсіргендердің кім екенін білгіміз келеді”, дейді. Оның сөзін басқа әріптестері де қостайды.

“Бізді “Время-принт” баспаханасының алдына алып келген оқырмандар алдындағы жауапкершілік болды. Өйткені, біздің оқырмандарымыз, тұрақты жазылушыларымыз бар біз солардың алдында жауаптымыз. Баспаханаға билік тарапынан қысым жасалып жатыр деген сөз бар. Біз олар кімдер соны білгіміз келеді”, - дейді “Азат” газетінің редакторы Нәзира Дәрімбет.

Баспахана алдындағы бұл жиынға ұзын саны 60-қа жуық адам жиналды. Жиын полицейлер назарынан тыс қалған жоқ. Полиция қызметкерлері жиналған халықтан тез арада заң бұзбай тарауын талап етті.

“Осында жиналған халықтың мақсаты біреу. Үкіметке сенеміз, үкімет бізге бір жақсылығын жасар. Осынша босып жүрген халық үкімет жайлы жаман ойламайды. Үкіметте халық жайлы жаман ойламауы тиіс. Үкімет пен халық арасында байланыс болмаса ол үкімет бола алмайды”, - деген пікірін білдірді Нұрсейіт есімді өзін оқырман де таныстырған азамат “Азаттық” радиосына.

“Апта.kz” басылымының тілшісі Гүлмира Тойболды: “Менің журналист ретіндегі пікірім - тәуелсіз журналистер халыққа керек. Мысалы, тәуелсіз басылымдардан басқа ешқандай басылым қара халықтың жайын көріп, жеткізіп жазып отырған жоқ. Сондықтан мұны оппозициялық басылымдарға ғана емес, қара халыққа жасалған қысым деп есептеймін”, дейді.

Сәрсенбі күні түстен кейін “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайда шұғыл түрде баспасөз мәслихатын өткізді.

”Баспаханалардың оппозициялық басылымдарды басудан бас тартуына алаңдаушылық білдіреміз. Осы болып жатқан оқиғалардан бұқара халық та хабардар болып, елдегі жағдайды білсе екен дейміз. Егер де мүмкіншілік болып біздің елде тәуелсіз, әділетті сот болатын болса мұның бәрін сотқа беріп ақ-қарасына жеткен болар едік”, - деді Ж.Тұяқбай.

Ал “Время-принт” баспаханасы алдында аштық жариялаймыз деген әрекеттері наразылық ереуіліне ұласқан оппозициялық басылымдардың журналистері түстен кейін наразылық шарасын «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының Алматыдағы кеңсесінде жалғастыруға шешім жасады.