Еуропа одағына мүше 25 елдің жетекшілері Брюсселдегі жиында блоктың 2007-2013 жылға арналған бюджеті жөнінде келісімге қол қойды

ЕуроОдақтың қазіргі кезекші президенті, Британия бас министрі Тони Блэр бұл жөнінде бүгін хабарлады. Сонымен, 2007-2013 жылғы ЕуроОдақ бюджеті 862 млрд 300 млн еуроға дейін көбеймек.

- Бұл келісім нәтижесінде Еуропаның алға жылжу мүмкіндігі туады. Бұл келісім одақтың жаңа мүшелермен бірге дұрыс ынтымақтастықта екендігін көрсетеді, - деді Тони Блэр.

Одақтағы бұл келісімге қол жеткізуде үлкен рөл ойнаған Германияның жаңа канцлері Анджела Меркелдің мәмілегерлік көмегін Польша бас министрі мен Франция президенті Жак Ширақ жоғары бағалады.