Еуропа мен Азияның бірқатар елі қарлы бораннан жапа шегуде, адам өлімі де бар

Бораған қар мен қарлы бораннан бірнеше елде төтенше жағдай қалыптасып отыр. Өткен аптада Жапонияда қарлы боранда 7 адам үсіп өліп, мыңдаған үй электр жарығынсыз қалды. Кеше Токиодан 350 шақырым жерде жолаушы поезы рельстен тайып, 1 жолаушы қаза болып, кемінде 26-сы түрлі жарақат алды. Беларуссияда бораған қар Гродненск облысындағы кемінде 140 ауыл мен Брест қаласының электр желілерін істен шығарды. Кавказда Грузия мен Солтүстік Осетияның арасындағы “Әскери-грузин жолына” қар тасқыны төніп жабылды. Дағыстанда тауда қар тасқынынан 2 кісі қаза болып, тағы бірі хабарсыз жоғалды. Ресейдің Якутиясында құтқарушылар ауа райының бұзылуынан Ми-8 тікұшағының амалсыздан қонған жеріне жете алмады. Ұшқыштар мен жолаушыларды шынжыр табанды көлікпен бүгін құтқару жоспарланып отыр. Сенбі күні апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшағында 8 адам болатын, барлығы да аман.