Балқаш көлінде балық аулап жүріп, мұз құрсауында қалған балықшылар құтқарылды

  • Досан БАЙМОЛДА
Қарағанды облысының Приозерск қаласының бір топ балықшылары желтоқсанның 28-і күні Балқаш көлінде балық аулап жүріп, жағадан бөлінген мұз ойындылары үстінде қалып, көлдің ортасына қарай ығыса бастаған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан қауіпке ұшыраған бұл балықшыларды іздестіру, құтқару үшін құтқарушылар тобы жедел түрде жасақталып құтқару жұмыстарына кіріскен.
Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің дағдарыс орталығының шұғыл кезекшісі Кәсіпбек Молдақұмарұлы бейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, мұз үстінде қалған балықшылардан 15 адамның сол күні, яғни сәрсенбі күні табылып, құтқарылғанын, ал бейсенбідегі таңертең барлығы 36 балықшының табылып, жағалауға жеткізілгенін хабарлады.

Оның айтуынша төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің құтқарушылары және қаланың құтқарушылары бірлесіп қимылдап балықшыларды құтқарған. Алайда төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің шұғыл кезекшісі К.Молдақұмарұлы радиомызға берген сұқбатында әлі қанша балықшы мұз үстінде қалып отырғаны туралы нақты хабар болмай тұрғанын айтты.

Бейсенбі күні, түстен кейін Приозерск қаласы әкімшілігінің аппарат жетекшісі Шұға Бексейітқызы «Азаттық» радиосының тілшісіне құтқарушылар тобының балықшыларды құтқару жұмысын сәтті аяқтағанын хабарлады. Оның айтуынша, олар сәрсенбі күні 15 балықшы құтқарылса, келесі күні 14 балықшы, барлығы 29 балықшы құтқарылған.

«О баста тағы 6 балықшы мұз үстінде қалды ма деген күмән болса да, кейін олардың аман-есен өз үйлерінде екендігі анықталған соң балықшыларды іздестіру жұмыстары тоқтады», - деді Шұға Бексейітқызы.

Оның айтуынша, Балқаш көлінде балық аулап, серуен салған бұл азаматтардың дәл кімдер екендіктерін айту қиын. Себебі бұрынғы атымен Қоржынтүбек деп аталатын бұл жерге Кеңес заманында ірі әскери бөлім орналасып, Приозерск деген қаланы салған. Бүгінгі күні Ресейдің офицер, әскерлері әлі күнге дейін осы Приозерск қаласында тұрады. Олар қала тұрғындарының шамамен 60-70 процентін құрайды. Сондықтан Балқаш көлінің толық қатуын күтпестен балық аулауды бастап қызыққа батамыз деген бұл балықшылардың кімдер екендігін айту қиын деді ол.