Шетел азаматтарын ұрлау тыйылмаса, Еуроодақтың қаржылай көмегі қысқарады

CТРАСБУРГ. Еуроодақтың ресми өкілдері Израильдің Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы түрмеге шабуылы мен оған есе қайтару мақсатында палестиналықтардың шетел азаматтарын ұрлап алып кетуіне наразылық білдірді. Еуроодақтың сыртқы қарым-қатынасы бойынша арнаулы өкілі Бенита Ферреро-Вальднер ханым, егер Еуроодақтың Палестина жеріндегі меншігіне қарсы шабуылдар мен Батыс елдерінің азаматтарын ұрлау тыйылмаса, Еуроодақтың қаржылай көмегінің қысқаруы мүмкін деп ескертті. Палестина лидері М.Аббаспен кеше Страсбургте болып өткен кездесуі барысында Ферреро-Вальднер ханым осылай деп мәлімдеді. Израиль әскері Иерихон қаласындағы Палестина түрмесіне шабуыл жасап, палестиналық жаугер топтың бір лидерін тұтқындады. Оған есе қайтару мақсатында палестиналықтар 10 шақты шетел азаматын ұстап, көпшілігін босатты.