Иран Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімнен бас тартуымыз мүмкін дейді

Иран заң шығарушылары БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннанға хат жолдап, Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімнен бас тартуымыз мүмкін деп ескертті. Мемлекеттік радио арқылы оқылған бұл хатта, Кофи Аннан мен БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі мәселені бейбіт түрде шешуге тиіс, әйтпесе, парламент мүшелері Иран үкіметін Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімнен бас тартуға шақырып, дауыс береді делінген. Сыртқы істер министрлігі өкілі Хамид Реза Асефи БҰҰ-ы тарапынан Иранға қарсы қарар немесе санкция жасалатын болса, оның теріс әсері болатынын айтты.

“Осы мәселеге БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесін араластырып, дұрыс емес шешім қабылданса, жұмыс бағыты - ынтымақтастықтан тайталасқа өзгереді”, - деді Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі.

Ал оның алдында Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі - Ресей, Қытай, АҚШ, Британия және Франция Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөз өткізіп, қарар жобасы туралы бір шешімге келмеген болатын.