Жұма күні Алматының маңындағы Шаңырақ ауылындағы полиция мен тұрғындар арасындағы қақтығыс салдарынан ондаған адам зардап шекті

Шілденің 14-күні Алматы маңындағы Шаңырақ ауылының тұрғындары қалалық сот орындаушыларының шешімімен үйлерді қиратуға келген полицияның қалың күшіне қарсы тұрып, бірнеше мәрте ауылға кіруге талпыныс жасаған билік өкілдерін Шаңыраққа жіберген жоқ. Қақтығыс кезінде оншақты полиция жараланып, өрт сөндіруші автокөлік өртелді. Тағы бір полицейді кепілде ұстап отырған шаңырақтықтар келіссөзге бармай, өздеріне қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың келуін талап етті.
Таңғы сағат алты жарымдар шамасында «Бірінші Шаңырақ» пен «Екінші Шаңырақ» ауылдарының арасындағы сайды мекендеген мыңдаған тұрғын ауыл үлкендерінің тоқтауға үндеген сөздерін тыңдамастан, дөңестен еңіске жылжыған полицейлерді таспен қарсы алды. Сот орындаушыларының мұндағы үйлерді бұзу туралы шешімге келіспейтіндіктерін бұған дейін де бірнеше мәрте танытқан шаңырақтықтар өз баспаналарын сақтап қалуға мықтап бекінгендігін айтты.

Ауыл тұрғындарының осында кіретін барлық жолдарды жауып тастауына бұған дейін сот орындаушыларының 29 үйді бұзамыз деп Бақай ауылындағы барлық баспананы жермен-жексен еткен әрекеті түрткі болды, дейді тұрғындардың бірі Ардақ Сейтжанқызы.

- Өкімет осы үйлерді былтыр бастап салған кезде қайда қалды? Сайлау болған кезде үйлерін салсын деп айтып, салып алғаннан кейін мынадай қиыншылық көрсетіп жатқаны дұрыс емес. Мына тастар оңай дейсіз бе – адамды ұрса өлтіреді. Өзімнің үш балам бар. Мені қақтығысып жатқанда біреу болмаса біреу өлтіріп қойса Қазақстанда жетім баланың саны көбейеді ғой?! Менімен бірге күйеуім де осы арада жүр, - деді полициямен алғашқы қақтығыстан соң ентігін баса алмай сөйлеген Ардақ.

Шаңырақтықтардың есебі бойынша, таң азаннан ауыл іргесіне лек-легімен келіп жатқан полицейлердің саны екі мыңға жуықтайды. Тағы да соншама адам ауылды қорғап жүргендігін айтты шаңырақтықтар. Ал билік болса бұл арнайы шараға 1 мыңға жетпейтін полиция жасағы жұмылдырылғанын айтады.

Ауылға таң сәрісінде кіруге бет алған полицияның алғашқы әрекеті сәтсіз аяқталды. Жанар-май толтырылған құмыраларды от қойып лақтырған еңістегілер жоғарыдағы полицейлерді өздеріне жақындатпады - алдыңғы қатардағыларының үстіне алау тигендіктен, тағы біреулері қардай боратылған тастан сескеніп артқа шегінді.

Полицияның алғашқы талпынысы орта буынды аға қызметкер Әнет Естемесовтың еңістегілердің қолына түсіп қалуымен аяқталған. Таңғы сағат жетілер шамасында екі жақтан келіссөздер басталып, тұрғындар сот орындаушыларына тез арада полицияны алып кетпесе, іс насырға шабатындығын, ашынған халықты тоқтату қиынға соғатындығын ескертті. Ал бірінші және екінші Шаңырақ ықшам ауданы арасындағы сай тұрғындарының мүддесін қорғаушы Денис Әлімбеков «Азаттық» радиосына сот орындаушылардың іс-әрекетінде заңсыздық бар дегенді айтты.

- Біз шілденің 11-күні сот орындаушыларының әрекетіне қатысты шағым түсірдік. 16-шы бап бойынша олар үйлерді бұзуды тоқтатуға немесе жалғастыруға құқылы. Шілденің 13-күні сот шешімін орындау қағаздарына қатысты тағы бір шағым түсірдік. Сот орындаушыларының жұмысы мен міндеттері туралы заңның 15-ші бабы бойынша олар орындау құжаттарына қатысты түсірген шағымнан соң шығарылған шешімді өндіріске алмауы тиіс еді. Баспанасы бұзылатындардың тізіміндегі 115 адамның тек 25-іне ғана ескерту қағаз жіберілген. Біздің шағымымыздан соң сот шешімі шықпайынша сот орындаушылары бұзу әрекеттеріне бармау керек болатын, - деді заңгер.

Алайда Алматы қаласындағы Әуезов аудандық сот орындаушы Қажымұрат Макмақанов болса шешім орындалуы керектігін алға тартты.

- Біздің қолымызда 115 сот шешімі бар. Жұртшылықтың көбіне ескертілмегені рас – баспанасы бұзылатындығы туралы 24 адамға ескертілген. Бірақ полиция сот шешімін орындауға жиналып отыр. Қажет десеңіз жалғыз ғана сот шешімін орындау үшін үш мың қызметкер жиналуы да ғажап емес, - деді сот орындаушы.

Бір жағынан әкімшілік адамдары, екінші жағынан шаңырақтықтар және тұрғындардың арнайы шақыртуымен келген «Нағыз ақ жол» партиясы Алматы облыстық бөлімшесінің төрағасы Рысбек Сәрсенбайұлы, тіркелмеген «Алға» партиясы Алматы бөлімшесінің төрағасы Әлихан Рамазанов, «Алаш» қозғалысының басшысы Арон Атабек және тағы басқалардың қатысуымен жүрген келіссөздер үш сағатқа созылып, шаңырақтықтар кепілге алынған полицейді босатты. Алайда қалқандарын қаққан полицейлер еңіске қарай екінші мәрте беттеген болатын.

Бұл жолы үш бағытта қозғалған полицейлер мен ауыл тұрғындарының қақтығысы ұзағырақ созылып, мықтап бекінген шаңырақтықтар полицейлерді кері шегіндіріп қана қоймай, оларға қарай су шашқан өрт сөндіруші автокөлікті жағып, тағы үш полицейді қолға түсірді. Сосын ол үшеудің біреуінің қолын байлап жолға қойған шаңырақтықтар полицейлердің тағы бір алға ұмтылысы осы адамның өліміне ұласатынын ескерткен.

- Полицейлер шабуылды әдейі жасады. Тұрғындар байлаулы полицейге өрт қойды, - деді «Алаш» қозғалысының төрағасы Арон Атабек.

Дәрігерлер өртке оранған полицейдің қалі мүшкіл екендігін жеткізді:

- Науқастың жағдайы ауыр. Әзірге одан басқа ештеңе айта алмаймыз.

Сағат он бірлер шамасында болған осы оқиғадан соң полицейлер өздері бекініс мекеніне айналдырып алған орта мектептің ауласына шегінді. Ол кезде шаңырақтықтардың қолында бір лейтенант және бір капитан қалды. Полицейлер оқиға орнынан әкетіле бастағанда ауыл тұрғындары тағы бір полицейді босатты. Түс ауа әкімшілік өкілдері полиция күшін басқарушы генерал-майор Молдияр Оразалиевтің қолы қойылған қағазды ауыл тұрғындарына ұстатты. Онда кепілде қалған соңғы адам босатылса, бұл жерге полицейлер беттемейтіндігі айтылған. Осы ұсыныстан соң шаңырақтықтар кепілде қалған соңғы полицейді босатты.