«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» кәсіпорнының әкімшілігі жұмысшылардың талабына құлақ аса бастады

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ
«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайтын Шымкент мұнай өңдеу зауыты жұмысшыларының кәсіпорын басшылығына қойған талаптары біртіндеп орындалып келеді. Бұл жайында 17 сәуір күні «Азаттық» радиосына хабарлаған компания кәсіподағының төрағасы Константин Шпилев кәсіпорын басшылығының жұмысшыларға бұрынғы басшылық тұсында беріліп, кейіннен төленбей келген сыйақыны қайта тағайындауға келісім бергенін айтты. Ал жұмысшылар жалақысын өсіру жайындағы келіссөз әлі жалғасып жатыр.
17 сәуір күні «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайтын Шымкент мұнай өңдеу зауыты кәсіподағының төрағасы Константин Шпилев «Азаттық» радиосына бұған дейін жұмысшылардың компания басшылығына қойып келген талаптарының біртіндеп орындала бастағанын хабарлады.

- Жұмысшылардың талабына сай ұжымдық келісім бойынша комиссия жұмыс жүргізіп келеді. Айлық, сыйақы мәселелері сол келісімде көрсетілген. Келіссөздер ертең жалғасады. Ол сәтті өтуде деп айтуға болады. Мысалы, жұмысшыларға 70 пайыз жалақы көлемінде өткен жылдың сыйақысын беруге бұйрық шықты, - дейді Константин Шпилев.

Ал осы зауыттың есімін атағысы келмеген жұмысшысы кәсіпорын басшылығы мен жұмысшылар арасына қол жеткізіліп отырған келіссөздерге өзінің көңілі толатынын былайша жеткізеді.

- Өткен жолы экономикалық мәселелерге қатысты басшылықпен арамызда аздап айтыс болған. Бұл мәселе жартылай шешіліп жатыр десе болады. Өткен жылғыдан қалған сыйақымыз беріліп жатыр, - дейді жұмысшы.

Ал осы зауыттың тағы бір жұмысшысы Нұрлан Сапиев кәсіпорын басшылығының жұмысшылар еңбегін бағалау жөніндегі саясатына мынадай пікір білдірді.

- Өткен жылғы жұмысымызға қарап, 70 пайыз айлық көлемінде сыйақы беретін болды. Алайда бұл бір реттілік көмек қана. Ал жалпы жалақының көлемі өссе, онда біздің айлығымызға кешкі, түнгі жұмыстарымыз үшін де қосылар еді. Қазіргі айлықтарымыз әлі 3-4 жыл бұрынғыдан өзгерген жоқ. Ал ақшаның инфляциялану қарқыны күшті, - дейді Нұрлан Сапиев.

Алайда «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» Жауапгершілігі Шектеулі Серіктестігінің қоғаммен және үкіметпен байланыс бөлімінің менеджері Аида Абдуллаева компания тарапынан жасалынып жатқан мұндай қадамдардың жұмысшылардың талаптарына еш қатысы жоқ деген пікір айтады.

- Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап жұмысшылардың жалақысы 8 пайызға өсті. Алайда, бұл жалақы өсіру бағдарламасына сай жоспарлы түрде жасалынып отыр. Мысалы, кәсіпорын айлықты өткен жылдың қорытындысына, жұмысшылардың жұмыс істегеніне қарап отырып қойып келеді. Ал сыйақы, бонус ретінде бүкіл компанияның өткен жылы табысты жұмыс істегені үшін берілді, - дейді Аида Абдуллаева. Сондай-ақ, ол зауыт қызметкерлерінің орта есеппен 115 мың жалақы алатынын айтты.

Зауыттың 400-ге жуық жұмысшысы кәсіпорын басшысына жалақы өсіру, жыл сайын бір мәрте берілетін сыйақы тағайындау сияқты талаптарын 12 сәуір күні жазбаша түрде жеткізген болатын. Осының артынша, кәсіпорында ұжымдық келісімді қайта қарап, тиісті шаралар атқару үшін арнайы комиссия құрылған еді.