Ирақ өз көршілерін ел ішіне бүлікшілердің дендеп енуіне тосқауыл қоюға шақырды

Мысырдың Шарм әл-Шейх демалыс аймағында өтіп жатқан халықаралық конференцияның екінші күнінде Ирақтағы қақтығыс, шабуылдарды болдырмау мүмкіндіктері талқылануда. Конференцияға Ираққа көршілес жатқан елдердің министрлері мен жоғары дәрежелі шенеуніктері қатысуда. Олардың қатарында Иран мен Сирия және басқа да елдердің өкілдері бар. Бүгінгі талқылаулардың ашылуында Ирақ премьер-министрі Нури әл-Малики Ирақтың көршілерін ел ішіне бүлікшілердің, лаңкестердің дендеп енуіне тосқауыл қоюға шақырды.

- Диктаторлық жүйе құлатылғаннан кейін, қазіргі таңда біз Ирақ жерін террорлық ұйымдардың баспаналауына мұрсат бермеуіміз керек. Сондықтан да біз көршілерімізді террорлық топтардың Ираққа кіруін тоқтатуға, оларды қаржыландыруға жол бермеуге шақырамыз, - деді Ирақ премьер-министрі.

Шекарадағы қауіпсіздік, Ирақ босқындарының мәселесі, жікшіл топтарды бітімге шақыру - күн тәртібінде осындай мәселелер тұр.