Қойдың бейнесінде киінген бірнеше жас Алматының орталық алаңына, президент Назарбаевтың суретін ұстап, «Хандық жасасын!» деп «маңырап» шықты

Маусымның 8-күні Алматының «Арбатында», елде соңғы қабылданған Конституциялық өзгертулерге байланысты, Қазақстанның бірінші президентіне шексіз мерзімге сайлауға түсу құқығын әжуалап, «Біз хандықты қолдаймыз! Монархияны қолдаймыз!» деп ұрандатқан, өздерін «Нұр Отар» монархиялық бастамашыл тобы ретінде таныстырған 11 азаматты полиция ұстап алып кетті. Қойдың бейнесінде киініп, флэш-моб шарасын өткізген жастар жаңадан қабылданған заңның мәнісін осылайша түсінетіндігін, ендігі жерде «азамат» деген сөзді «бодан» деген түсінікпен алмастыру қажет дегенді айтып отыр.
Жұма күні түстен кейінгі сағат төрттер шамасында қойдың бейнесінде киінген 11 азамат Алматының көпшілік орындарының бірі - «Арбатқа» қой сияқты «маңырап», «Хандықты қолдаймыз!» деп ұрандата кірді. Қала тұрғындары бұл жерде әртүрлі жан-жануарлар мен ертегі образындағы сайқымазақтар көп жүретіндігін жақсы біледі. Бірақ, бүгінгі көріністің басқаларынан айырмашылығы – президент Назарбаевтың суретін ұстаған 11 «арқарды» көптеген полиция қызметкерлері тез арада ұстап алуында болып тұр.

Тіпті, флэш-моб шарасына шыққандар өздерінің мәлімдемесін толығымен оқып үлгермеді. Полицияның аса шапшаңдық танытқаны сонша, өздерін таныстыру былай тұрсын, не үшін ұсталғандығын оларға түсіндіріп жатуды жөн деп таппады дейді акцияның барысын бақылаған тәуелсіз журналист Қазис Тоғызбаев.

- Прокурорлар оларға ескерту жасап жатпады. Әдетте олар осындай жұмыс ережелерін сақтайтын. Бірақ бұл жолы полиция жастарға бірден лап қойды. Заң тілімен айтқанда, құқық қорғау өкілдері заң бұзып отыр, - дейді Қазис Тоғызбаев.

«Арбатты» қаптаған полиция өкілдерінің ешқайсысы бұл туралы журналистердің сұрағына жауап бергісі келген жоқ. Ал осы маңнан табылған Жетісу аудандық әкімінің орынбасары Ермек Дінмахамбетов болса ештеме көрмеген болып шықты.

- Қала әкімшілігінен осындай шара өткізу туралы рұқсат сұралып па?! Мен ешқандай рұқсат қағазды да, ұсталған адамдарды да көрген жоқпын. Мұнда барлығы бірқалыпты, халық серуендеп жүр, - дейді аудан әкім орынбасары Ермек Қырғызбайұлы.

Кейінірек белгілі болғандай, Қазақстанда хандық билікті жақтаушы «арқарларды» - олар өздерін солай деп таныстырған - Жетісу аудандық ішкі істер басқармасына алып барған. Бүгінгі шараға шыққандардың бірі, «Социалистік қарсылық» қозғалысының басшысы Айнұр Құрманов, сол жерден «Азаттық» радиосына, өздерін таныстырмаған полицияның әрекетіне реніш білдіре отырып, президент Назарбаевтың бастамасын қолдайтын «Нұр Отар» монархиялық қозғалыс Нұрсұлтан Әбішұлын хан етіп көтеруді талап еткісі келгендігін айтты.

- Президент Назарбаевты хан көтеруді жүзеге асыру үшін осындай қозғалыс құрып отырмыз. Біздің түсінуімізше, қазіргі күні соңғы қабылданған Конституциялық өзгертулерге байланысты «азамат» деген сөз біздің ел үшін ескіріп қалды. Соған байланысты, ол сөздің орнын бүгінгі күнге сәйкестендіріп «бодан» сөзімен ауыстыру керек. Осындай талаптарымызды флэш-моб шарасы ретінде жеткізгіміз келіп еді. Алайда, өздерін таныстыруды жөн көрмеген полиция бізді осында алып келіп отыр. Полиция мекемесінде «монархияны жақтайтын» 11 адам отырмыз, - деді Айнұр Құрманов жұма күні кешке.

Осы жылғы мамырдың 18-күні Қазақ Парламенті 18 минуттың ішінде қабылдаған Конституциялық өзгертулерге байланысты Алматыда әртүрлі сипаттағы наразылық шаралары жиілеп кетті. Осы уақыт аралығында өткізілген флэш-моб шаралары барысында Алматы полициясы 23 азаматты ұстады. Олардың сегізіне әкімшілік айыппұл салынса, төртеуінің ұсталуы негізсіз деп танылды.