Өзбекстанда президент сайлауы биыл желтоқсан айының 23-де өтетін болды

Сайлаудың өтетіні не өтпейтіні жыл басынан бері түсініксіз еді. Ақыры Өзбекстан ресми өкілдері сайлау 23 желтоқсанда өтеді деп жариялады. Елді 1989 жылдан бері басқарып жатқан Ислам Кәрімов конституция талабына қарамастан билікте қалуға әрекет жасайтын сияқты. Бақылаушылар Ислам Кәрімов өздігінен кете қоймайды дейді. Ислам Кәрімовтің сыртында бірнеше адам сайлауға түскісі келетіндерін мәлімдеді.
Өзбекстан конституциясы бойынша президент қызметінде екі мерзімнен артық отыруға болмайды. Ислам Кәрімовтің ресми түрдегі екінші мерзімі биыл қаңтар айында аяқталған, ол онсызда заңның нақты жазылмауынан қаңтар айынан бері екінші мерзімнің өзін артығымен орындап келеді. Ислам Кәрімов ресми түрде екі мерзімді атқарып болды десек, іс жүзінде ол билік басында 1989 жылдан бері отыр. Ислам Кәрімов қатаң қолды билігін түрлі амалдармен міне 18 жыл созып келеді. Өзбекстанда конституция да өзгертіліп тұрды, президент билігі референдум арқасында да ұзартылды. Қарап отырсақ, мұндай тәсілдерді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қолданып келеді.

Кәрімовтің алғашқы өкілеттігі 1995 жылы аяқталу керек еді, сол жылы референдум өтіп, бес жылдық өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Одан кейін президенттің бесжылдық мерзімі жеті жылға өзгертіліп, Кәрімовтің ресми түрдегі екінші мерзімі 2005 жылдың орнына міне 2007 жылы әзір-әзер бітіп отыр.

Ислам Кәрімов сайлауға тағы да түсемін десе, заң талаптарын айланудың жолдары қандай болатыны анық емес. Иә, конституция өзертілуі мүмкін, иә референдум өткізіліп, сайлаушылар Ислам Кәрімовті қалдыруды бұйырды делінуі мүмкін.

Сайлау науқаны ресми түрде 21 қыркүйекте басталады. Дегенмен, қазірдің өзінде төрт азамат президентікке ұсынылып отыр. Олардың үшеуін "Өзбекстан адам құқықтарын қорғаушылар бірлестігі" жыл басында интернет арқылы ұсынған болатын. Бұлар – ЖаҺонгир Шосалімов, Абдұлло Тожібой оғлы және Ахтам Шойморданов деген адам құқықтарын қорғаушы білсенділер. Ал төртінші тұлға – Хорезм қаласында тұратын медицина ғылымдарының докторы, профессор Сұхбат Абдұллаев. Міне, сайлау ресми түрде басталмай тұрып кандидат болып тіркелуге төрт тұлға ұсынылды. Олар Орталық сайлау комиссиясында тіркеле ме, жоқ па – ол алдағы апталардың шаруасы.

Бұл төрт тұлғаның сыртында оппозициялық екі партияның басшылары да сайлауға түсу ойымыз бар деген. Бұлар – "Бірлік" партиясының төрағасы Абдырақым Полат және "Ерік" партиясының төрағасы Мұхамед Салық. Бірақ, бұл екі азаматтың екеуі де Өзбекстан заңының талабына келмейді, сондықтан Орталық сайлау комиссиясы олардың арыздарын қарамауы да мүмкін.

Абдырақым Полат пен Мұхамед Салықтың елден босып, саяси қуғын сүргінде жүргендеріне он жылдан асты. Заң талабы бойынша президентікке кандидат боламын деген тұлға Өзбекстанда кемінде соңғы он жылда үзіліссіз тұру керек.

Президентікке кандидат бола алатын тұлғаларды не саяси партия ұсынады, не болмаса кемінде 300 азамат жиналған бастамашыл топ ұсына алады. Бұдан кейін ол тұлғаны қолдайтын 700 мың нақты сайлаушының қолы жиналу керек. Орталық сайлау комиссиясы ұсыналған тұлғаның құжаттарын осыдан кейін ғана қарайды.

Адам құқықтарын қорғаушылар бұл талап жөнсіз деп айтады. Адам құқықтарын қорғаушы белсенді Абдұлло Тожібой оғлы бұл талап Ислам Кәрімовке бәсеке құрамын деген тұлғаны қолдап, қол қойған адамдардың өздерін қудалауға жол ашып отыр дейді:

- Қол жинаған кезімде ол адамдардың тұратын мекен-жайын, туған жерін, паспортының номерін, аты-жөнін толық көрсетуім керек. Бұл оларды қудалауға жол ашады.

Кандидат болып тіркелеміз деген тұлғалар сайлау науқаны жарияланбай тұрып қудалауға түстік дейді. ЖаҺонгир Шосалімовтің жұбайы Гүлчехра қаңтар айында қамалып, полицияда отырып шықты. Сұхбат Абдұллаевтың қызын жақында бір топ белгісіз әйел базарда соққыға жықты. Сұхбат Абдұллаев мұны билік орындары жасатты, олар ауызымды жапқысы келеді дейді. Сұхбат Абдұллаев Өзбекстанның қазіргі саяси жүйесінде Ислам Кәрімовті биліктен кетіру мүмкін емес, әділ сайлау мүмкін емес, бірақ тым құрығанда халық санасын оятып, әсіресе жастардың көңілінде үміт оятамыз дейді, Ислам Кәрімовке қарсы шығуға болады екен ғой, сын айтуға болады екен ғой деп жол көрсетеміз дейді.

Бақылаушылар, жалпы, Ислам Кәрімовке бәсеке құрамын деп ұмтылған кез-келген тұлғаның қудалауға түсетінен айтады. Ел басқарамын деген талай азамат не түрмеге түсіп, көзі құрыды, не шетелге бас сауғалап кетті, не болмаса тіпті қаза болды. Міне, президент сайлауына түскісі келген Санжар Омаров та қазір түрмеде жатыр. "Күнсәулелі Өзбекстан" оппозициялық тобының басшысы, бай кәсіпкер Санжар Омаров былтыр сотталып, жеті жарым жылға түрмеге отырғызылды. Ол ақша жымқырды, салықты дұрыс төлемеді деп айыпталды. Санжар Омаровтың денсаулығы қазір нашар делінеді, оған ешкім жолықтырылмайды екен.