Қазақстанның төрт саяси партиясы биліктен нанның, азық-түлік бағасын төмендетуін талап етуде

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ
Сәрсенбі күні Астанада «Ақ жол», «Ауыл», «Руханият» және Коммунистік халықтық партияларының жетекшілері Қазақстандағы нан, азық-түлік, қызмет көрсету бағаларының қымбаттауына байланысты мәлімдеме жасады. Олар бағаның күрт қымбаттауы елдің алаңдаушылығы мен наразылығын туғызып отыр деп, бағаны өсіруге қарсы акция бастағанын да жария етті. Төрт партияның жетекшілері елдегі ішкі нарықты реттей алмай отыр деп, биліктің «НұрОтан» партиясын сынға алып, үкіметтің отсавкаға кетуін талап етеміз, дейді. Ал «НұрОтан» партиясының паламентегі өкілдері бағаны үкімет реттейді деген сенімде.
Қазақстан үкіметі үстіміздегі жылы елде 20 миллион тоннадан астам астық жиналады деп отыр. Бірақ соған қарамастан тамыз айында кезектен тыс парламент сайлауы өте салысымен Қазақстанда нан, азық түлік бағалары бірнеше есеге қымбаттап кетті. Үкімет бағаны реттейміз, бірақ нарықтық экономикаға тосқауыл бола алмаймыз дейді. Алайда Қазақстандағы «Ақ жол», «Ауыл», «Руханият» және Коммунистік халықтық партияның жетекшілері бағаның қымбаттауы елдегі жемқорлық пен биліктің жауапсыздығынан, нарықтық экономиканың негізгі қағидаларының бұрмалануынан деп мәлімдеп, биліктен тез арада бағаны ретке келтіруді талап етіп отыр.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов қазіргі парламенттің үкіметтен талап етуге қауқары жетпейтіндігін айтады:

- Бір партиялы парламенттің, биліктің «НұрОтан» партиясының және бүгінгі үкіметтің тиімді халықтың мүддесіне сай әлеуметтік-эконоикалық саясат жүргізе алмайтындығын дәлелдеп отыр.

Ал «Ауыл» партиясының өкілі Жәнібек Нағманов бағаның қымбаттауының зардабын тұрмысы төмен ауыл халқы көріп отыр десе, Қазақстанның Коммунистік халықтық патиясының бірінші хатшысы Владислав Косарев:

- Қазақстан жерінің жартысына бидай егіледі, бірақ соған қарамастан халық оның зейнетін көріп отырған жоқ, бұл биліктің өз халқын сыйламаушылығының белгісі, - дейді.

Сонымен бірге Владислав Косарев бүгіннің өзінде бағаның қымбаттауына қарсылық білдірген 120 мыңға жуық адамның қолы жиналғанын айтып, егер билік тез арада бағаны реттемесе үкіметтің отсавкаға кетуін талап ететміз деген ойын жеткізді.

Алайда, парламенттің төменгі палатасының жүз пайызын құрайтын биліктің «НұрОтан» партиясының өкілдері үкімет бағаны ретке келтіреді деген сенімде. Мысалы, Мәжіліс депутаты Уалихан Қалижан «Азаттық» радиосына былайша пікірін жеткізді:

- Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бірінші қазанға дейін тиісті министрліктерге, облыс әкімдеріне нан бағасын қымбаттатпауға байланысты арнайы тапсырма берді.

Бірақ «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов қазіргі үкімет азық түлік бағасын ретке келтіріп, төмендетуіне құлықсыз дейді, өйткені:

- Бүгінгі үкімет бағаның тұрақтандыруын қамтамасыз ете алмайды. Өйткені, үкіметтің құрамындағы, әкімшіліктің құрамындағылардың басым көпшілігі белгілі бір үлкен олигархтық топтармен байланысты. Олар әрбір экономиканың бөлігінен сол топтардың ғана пайдасын көздейтін қадамдарды ғана іздеп отырады.

Сонымен бірге Әлихан Байменов Қазақстандағы азық түлік корпорациясын елдегі алпауыттардың билеп отырғанын айтады:

- Қазақстандағы азық-түлік корпорациясы не үшін құрылды? Ол осындай жағдайда интервенция жасап, бағаны төмендету үшін құрылған. Ол тек қана бес-алты адамның байуы үшін құрылған жоқ. Кімнен өнім алам дейді алады, жабық аламын десе, жабық алады. Ал корпорацияның басшысы бағаның көтерілгені жақсы болды деп, арсыз мәлімдеме жасады.

«Азаттық» радиосына сұхбат берген Астана тұрғыны Разиға базарда тағам өнімдерінің қымбаттауына сатушылардың өздері наразы болып тұр дейді.