«Нұрбанктың» жоғалған қызметкерлерінің ісін тергеушілер Алматы маңынан адам сүйектерін тауып алғанын хабарлады

  • Досан БАЙМОЛДА
Қазанның 17-сі күні Алматы қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Амантай Әубәкіров шұғыл түрде брифинг өткізіп, содан бір күн бұрын полицияның оперативтік тергеу тобы Алматы облысы Қарасай ауданы Көлді елді мекеніндегі Рахат Әлиевтің әкесі Мұқтар Әлиевтің иелігіндегі жерге жақын тұстан адам сүйектерін тауып алғандықтарын хабарлады. Тергеу орындары Алматы маңынан табылған адам мәйіті «Нұрбанктың» ұрланған қызметкерлерінің бірінікі болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.
«Нұрбанктың» жоғалып кеткен қызметкерлерінің ісі бойынша қылмыс жасады деген күдікке тартылған адамдардың бірінің тергеушілерге берген ақпараты бойынша, биылғы жылдың ақпан айының басында Рахат Әлиев өз әкесінің агрофермасына қарайтын жерге барып, жер аумағын мұқият бақылап қараған соң келген көліктеріне мініп кері қайтып кеткен. Күдіктінің осы мәліметтерінің негізінде тергеу тобы келесі күні сол жерге барып тексеру жүргізіп, адам сүйектерін тауып алды», - деді полиция басшысы БАҚ өкілдеріне арнаған брифингте.

Табылған мәйіттің кімдікі екендігін анықтау үшін бірнеше сараптама жасалатынын айтқан полиция өкілі, ол сараптаманың біреуін шетелде жасату мүмкіндігін хабарлады.

«Бұл адамның сүйектері жоғалған банкирлердің бірінікі болуын да жоққа шығара алмаймыз», - деді ол.

Қазақстанның ішкі істер министрлігі «Нұрбанк» қызметкерлерінің жоғалуына Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке күдік артады. Оған адам ұрлауды ұйымдастырды деген айып тағылып отыр.

Алайда, полицияның осындай мәлімдемесі айтылған күні-ақ қазіргі уақытта Вена қаласында тұрып жатқан Р.Әлиев Қазақстан ішкі істер министрін айыптап, сынаған мақаласын интернет парақшаларында жариялады.

Ол өзіне қарсы Қазақстанның ішкі министрі Б.Мұқамеджанов құйтырқы әрекеттерін қоймаған соң, оған отставкаға кету туралы ұсыныс айтқанын жазыпты. Алайда полиция басшылығы болса оған жауап ретінде енді маған қарсы жаңа бір айып - белгісіз біреудің, бәлкім үй-күйі жоқ қайсыбір қаңғыбас адамның мәйтін тауып алғандығын хабарлап отыр депті интернетте жариялаған мақаласында Р.Әлиев.

Енді ол мәйітке ешқандай сараптама жасалмайды, олар тек жоғары жақтағы қожайындардан келетін нұсқауды ғана күтеді депті Р.Әлиев.

Осы жағдайларға қатысты, жоғалған банкир Жолдас Темірәлиевтің әйелі Армангүл Қапашева қазанның 18-күні «Азаттық» тілшісіне берген сұқбатында, полицияның тауып алдық деген адам сүйектері бәлкім ұрланған банкирлердің біреуінікі болуы мүмкін деген туралы хабарға онша сеніңкіремейтіндігін айтты.

«Әрине, кім болса да адам өлімі болғаннан соң, бұны трагедия деу керек. Бірақ мен Жолдасым мен оның әріптесін ондай өлімге қия алмай отырмын», - деді ол.

Тергеу орындарынан «Нұрбанкке» қатысты істің аяқталып қалғанын естіген А.Қапашева, енді кешікпей сот болады деп отыр. Сол сотта барлық шындық айтылса, кімнің қылмыскер екендігі жарыққа шығады, ал Р.Әлиевті бұл қылмыстан бұлтартпайтын фактілер көп, дейді ол.