Қазақстанда азық-түлік бағасы тағы да күрт қымбаттап кетуі мүмкін

Шара қолданбаса Қазақстанда бұған дейін болған азық-түлік бағасының жаппай күрт қымбаттауы мүмкін. Индустрия және сауда вице-министрі Қуандық Бишембаев Астанада желтоқсанның 12 күні азық-түлік қауіпсіздігіне арналған үкімет отырысында осындай ескерту жасады. Бірақ, өзге үкімет мүшелері елде бір жетіге жететін азық-түлік қоры бар, сондықтан мұндай қауіп жоқ деп отыр.
Индустрия және сауда вице-министрі Қуандық Бишембаевтың айтуынша баға қымбттамау үшін дамыған елдердегідей баға келісімін тексеретін сауда инспекторларын енгізу қажет. Бишембаевтың айтуынша азық-түлік саудасының 65-70 пайызы ұйымдастырылмаған нарыққа жатады. Соның кесірінен делдалдар көбейген. Бұған дейін жасалған азық-түлік қорын жасау шараларына қайта оралу керек, дейді ол. «Оның сыртында, Қазақстанға енгізілетін импорттық қант, күріш, сүт, ірімшік, май, балық, көкөніс және басқада азық-түлік түрлеріне салынатын кеден төлемдерін 6 айға уақытша төмендету керек. Ал, Қазақстаннан шығарылатын тағамдар тізімін керісінше кемітіп экспортты шектеу керек. Себебі Ресей қазірдің өзінде өз экспортын шектеді», дейді Қуандық Бишембаев. «Бұл шараларды жүзеге асырмаса алдағы уақытта баға қыматтауы қайталануы мүмкін», дейді Индустрия және сауда вице-министрі.

Бірақ, вице-премьер Өмірзақ Шүкеев кеден жеңілдіктерін жасау керек, алайда ол шараны дәл қазір енгізуге болмайды, деді. Ауыл-шаруашылық министрі Ахметжан Есімовтың айтуынша әлі күнге дейін баға көтерілуге делдалдар себепкер болып отыр. Себебі баға келісімі бар, дейді ол. Есімовтың айтуынша өнімнің өзіндік құнының үстіне делдалдар өз үлесін қосып бағаны 60-80 пайызға өсіріп жібереді. Ал, «Қазагро» холдингінің төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша баға өсуінің себебі Қазақстанға байланысты емес:

- Баға өсуінің себебі ең бірініші дүние жүзіндегі тамақ тауарларына бағаның жоғарлауы.

Ал, ауыл-шаруашылық министрі Ахметжан Есімовтың айтуынша жергілікті банктер ауыл шаруашылық өнімін өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыруды тоқтатты. Себебі банктер қазір шетелден алған қарыздарын өтеп жатыр, дейді ол. Ал өңдеуші кәсіпорындарға қазірдің өзінде 46 миллиард теңге керек. «Бұлай жалғаса берсе кәсіпорындар шикізат сатып ала алмай қалады», дейді Есімов.

«Қазагро» холдингінің төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша мемлекет тек банктерге сеніп отырған жоқ:

- Биыл біз 96 миллиард теңгені ауылға бөлсек «Қазагро» жүйесі арқылы, келесі жылы 128 миллиард теңгеге дейін көтереміз.

Ауыл-шаруашылық министрі Ахметжан Есімовтың айтуынша қалай болғандада баға көтерілуге қауіп жоқ:

- Мемлекеттік қорда астықты алатын болсақ 500 мың тонна астық бар.

«Қазагро» холдингінің төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша мемлекеттік қордың сыртында облыстарда тұрақтандыру қорлары бар:

- Тұрақтандыру қорларында 174 мың тонна бидай бар. Сосын 3 мың тонна сиыр етін алдық. Бұл Қазақстанға 1 аптаға жетеді.

Ал, Астана тұрғыны Айнагүл Үшкемпірованың пікірінше азық-түлік бағасы енді көтерілсе жағдай мүлде қиындап кетуі мүмкін:

- Өткен жолы бағаны көтергенсоң баға кейбіреуіне түсседе көбісіне түспеді. Барлығы қымбаттап жатыр, бірақ еңбекақы көтерілмеді. Жаңа жылда тағы қымбаттайды дейді, білмеймін не болатынын.

Биылғы жылы қыркүйек айында Қазақстанда нан, ет, қант, тұз бағасы күрт қымбаттап кетті. Тек сұйық май литірінің бағасы 80 теңгеден 400 теңгеге дейін көтерілді және үкімет шараларынан кейін бұл баға тек 380 теңгеге дейін төмендетілді.